Қазіргі таңда Қытай әлемдегі ең ірі автомобиль экспорттаушысына айналды. Аспан асты еліндегі шығарылатын көліктер саны АҚШ, Жапония, Германия және басқа да дәстүрлі жетекші автокөлік өндірісі елдерінен әлдеқайда көп. Қалайша қысқа уақыттың ішінде Қытай автоөндірісі үлкен жетістікке жетті? Нарықты тез жаулап алуының сырынеде? Kursiv.media Қытайдың автоөндіріс тарихына үңіліп, өткені мен бүгінін саралап көрді.
Қытай автоөндірісінің қалыптасу тарихы
Қытайдың жоғары технологиялық автокөлік брендтерін дамытуына 70 жыл қажет болды. 1930 жылдары америкалық және еуропалық инженерлердің қолдауымен алғашқы зауыттар құрылса да, 1937 жылғы Жапонияның басып кіруі саланың жойылуына әкелді.
1950 жылдары Қытай Коммунистік партиясы автомобиль өндірісін негізгі салалардың бірі деп жариялап, 1953 жылы Кеңес Одағының көмегімен Чанчунь қаласында First Automotive Works (FAW) зауыты құрылды. Сол кезеңде Шанхай мен Бейжіңде де жергілікті автозауыттар іске қосылып, негізінен жүк көліктері мен әскери техника өндірілді.
1960 жылдары Кеңес Одағының қолдауы тоқтап, қытай инженерлері өндірісті өз күштерімен дамытуға мәжбүр болды. 1969 жылы Dongfeng Motor Corporation зауыты іске қосылды.
Халықаралық қолдаудың болмауы Қытай автоөндірісінің тежелуіне себеп болды. Дегенмен, осы жылдары құрылған инфрақұрылым болашақта Қытайдың әлемдік автоөнеркәсіпте көшбасшы болуына негіз қалады.
Қытай көліктері әлемдік нарыққа қалай шықты?
Қытайдың автомобиль өнеркәсібін заманауи деңгейге көтеру үдерісі 1978 жылы басталған Реформа және ашықтық саясатының аясында жүзеге асырылды. Бұл саясат шетелдік капиталдың қатысуымен бірлескен кәсіпорындар құруға мүмкіндік берді. Ол кезде Қытайдың автомобиль өндірісінің қуаты жылына небәрі 150 мың көлікті құраса, оның ішінде жеңіл көліктердің үлесі өте аз болатын, себебі қажетті технологиялар болмаған.
Шетелдік серіктестіктердің келуі…
1979 жылы General Motors және Isuzu компанияларымен алғашқы келіссөздер басталды. Ал 1984-1985 жылдары American Motors Corporation, Volkswagen, Daihatsu және Peugeot компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құрылды. Бұл қадамдар Қытай автоөндірісінің дамуын жеделдетті. Осы кезеңде Қытайдың ішкі нарығының әлеуеті шетелдік компанияларды тартты, себебі халықтың әл-ауқаты өсіп, көліктерге сұраныс арта түсті.
1986 жылы Қытайда алғашқы тәуелсіз автомобиль компаниясы – Geely Automotive құрылды. Осыдан кейін Great Wall, BYD, Chery және Lifan сияқты жетекші компаниялар пайда болды. Қытай үкіметі жекеменшік өндірушілерге 200 мың көлік шығару жоспарын бекітіп, бұл сегменттің өсуіне жағдай жасады.
1990-жылдары Қытай үкіметі жергілікті мазмұнды 60-80%-ға дейін арттыруды талап ететін автомобиль өнеркәсібінің саясатын қабылдады. Бұл шетелдік компанияларды автокөлік компоненттерін Қытайда өндіруге ынталандырды. Мысалы, Volkswagen компаниясы Santana, Passat және Jetta модельдерінде жергілікті мазмұнды 90%-ға дейін жеткізді.
Электромобильдер дәуірі
2009 жылдан бастап Қытай үкіметі электромобиль өндірісіне субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер арқылы қолдау көрсетті. Бұл саясат BYD, NIO және XPeng сияқты компанияларға электромобильдер өндірісінде көшбасшы болуға мүмкіндік берді. 2022 жылы BYD компаниясы электромобильдерді сатылым көлемі бойынша Tesla-ны басып озып, әлемдік көшбасшы атанды.
2010-жылдары Қытай авто саласы сыртқы нарықтарға белсенді түрде шыға бастады. Geely шведтің Volvo Cars компаниясын сатып алып, өз өнімдерінің сапасын жақсартты және Еуропа нарығына жол ашты. Сондай-ақ, 2019 жылы Great Wall Motors Ресейдің Тула облысында толық циклді өндірістік зауытын ашты.
Экспорттағы жетістіктер
Соңғы он жылда Қытайдың автомобиль экспорты бірнеше есе өсті. 2023 жылы Қытай әлемдік автонарықтың 8,1%-ын қамтып, $77,7 миллиард көлік экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2014 жылғы $4,5 миллиардпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Қытайдың автомобиль өнеркәсібі интернационализация мен технология трансфері арқылы жаһандық нарыққа сәтті бейімделді. Бүгінде Қытай автоөндірісі электромобильдер мен инновациялық шешімдер арқылы әлемдік көшбасшы болуыға ұмтылыс жасауын жалғастырып келеді.