Ұлыбритания Apple мен Google-ге қатысты ауқымды тергеу жүргізеді

Жарияланды
Технологиялық компанияларға қатысты тергеу басталады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Британиялық антимонополиялық орган Apple мен Google-ге қатысты тергеу бастады. Құзырлы орган технологиялық алпауыттар цифрлық технология нарығындағы жаңа ережелерді қаншалықты сақтап жатқанын тексермекші деп хабарлайды CNBC.

Ұлыбританияның Нарық және бәсекелестік мәселелері бойынша басқармасы (CMA) мобильді экожүйелерін, операциялық жүйесі мен қосымша дүкендерін және смартфондағы браузерлерін тексермекші.

СМА мәлімдеуінше, тексеру кезінде мобильді қосымшалардың оны пайдаланатын адамдарға және инновациялық қызмет пен контент өндіретін мыңдаған компанияларға ықпалын зерттейді.

«Ұлыбританиядағы барлық дерлік мобильді құрылғыларда iOS және Android орнатылған, ал Apple мен Google браузерлері мен қосымшаларының дүкендері басқалармен салыстырғанда көшбасшы. Демек компаниялар контенттің көп бөлігіне, мобильді құрылғылардағы технологиялық әзірлемелерге ықпал ете алады», – деп жазылған СМА хабарламасында.

Өз кезегінде Apple компаниясы СМА-мен осы мәселе бойынша жұмыс істеуге дайын екенін хабарлады.

«Біз жұмыс істеп жатқан әрбір сегментте бәсекелестікпен бетпе-бет келеміз және әрдайым тұтынушылардың пайдасына назар салуға тырысамыз. Ұлыбританияда iOS қосымшалары жүз мыңдаған жұмыс орындарына қолдау білдіріп, үлкен және шағын әзірлеушілерге сенімді платформада жұмыс істеуіне көмектеседі», – деді бұл туралы Apple өкілі.

Бұған дейін СМА Google-ге қатысты үлкен зерттеуін бастаған еді. Осы жылдан бастап Ұлыбританияда цифрлық нарықтағы бәсекелестік жайлы жаңа заң күшіне енді. Британдық реттеуіш Google сервистерінің жергілікті тұтынушыларға, жарнама берушілерге, жаңалықтар агенттігіне және басқа да іздеу жүйелеріне әсерін зерттемекші. СМА мәліметінше, Google Ұлыбританиядағы іздеу жүйелерінің 90%-ын бақылайды, ал компанияның жарнамалық құралдарын елдегі 200 мыңға жуық жарнама берушілер пайдаланады.

Сондай-ақ оқыңыз