Ерекше автокөліктер: әлем көшбасшыларының таңдауы қандай?

Жарияланды 26 Қаңтар 2025 10:50

(жаңартылды 27 Қаңтар 2025 08:03)
Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Президенттер мен көліктер: қауіпсіздік, технология және стиль үйлесімі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов
Президенттер мен көліктер: қауіпсіздік, технология және стиль үйлесімі / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

.Әлем көшбасшылары мінетін автолар тек қана көлік емес, олар ұлттық мақтаныштың, технологиялық жетістіктердің және бірінші тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің символы болып есептеледі. Дональд Трамп, Владимир Путин, Си Цзиньпин, Қасым-Жомарт Тоқаев, Шавкат Мирзиеев және Эммануэль Макрон, Ким Чен Ын. Әлем көшбасшыларының таңдауы мен саяси аренадағы автосимволика туралы толығырақ Kursiv.media тілшісінің талдауында. 

Дональд Трамп және оның таңдауы – «Құбыжық»

АҚШ-тың жуырда қайта сайланған президенті Дональд Трамп (2017–2021 жылдары) «The Beast» («Құбыжық») деп аталатын брондалған лимузинмен жүргенді ұнататын. Бұл көлік арнайы президент үшін жасалған Cadillac үлгісінің модификациясы. Бұл жолы да Трамп осы көлікті таңдады. 20 қаңтарда екінші мерзімге АҚШ президенті ретінде ант беруге аталған автомен келді. 

Бұл лимузин жылжымалы «бекініс» іспетті. Лимузин президентті ықтимал қауіптерден, соның ішінде физикалық шабуылдардан, биохимиялық қауіп-қатерден, тіпті кибер «кедергілерден» қорғайды, деп хабарлайды NBC News. Cadillac One  есіктерінде кілт саңылаулары да жоқ, оны қалай ашу керектігін «Құпия қызмет» агенттері ғана біледі.

«Құбыжық» корпусы брондалған, оқ өткізбейтін әйнектермен және химиялық шабуылдан қорғайтын жүйелермен жабдықталған. Сонымен қатар, президентке Пентагонмен және басқа да маңызды құрылымдармен байланыста болуға мүмкіндік беретін арнайы байланыс құралдары орнатылған.

Көлік салмағы сегіз бен он тонна аралығында, ол бомба жарылыстарына төтеп беретіндей брондалған. Сондай-ақ лимузин президентке ядролық зымырандарды ұшыру кодтарын беруге және кортеждегі басқа көліктермен үйлестіруге мүмкіндік беретін жетілдірілген байланыс жүйелерімен жабдықталған. Автокөлікте президенттің қан тобына сәйкес келетін қан қалташалыр бар тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. Ал химиялық шабуылдар кезінде оттегімен қамтамасыз ететін жүйелер де орнатылған. 

Лимузин қызметтік авто емес – бұл мобильді командалық орталық. Кез келген төтенше жағдайда президент маңызды шешімдер қабылдау мүмкіндігін сақтап қалуы керек. «Құбыжық» президентке мемлекеттік шенеуніктермен, әскери жетекшілермен және жаһандық одақтастармен тұрақты байланыста болуға мүмкіндік беретін қауіпсіз байланыс жүйелерімен жабдықталған.

Владимир Путин мінген Aurus Senat

Ресей президенті Владимир Путиннің таңдауы Aurus Senat лимузиніне түскен. Бұл көлік «Кортеж» жобасы аясында жасалып, Ресейдің өкілдік автокөлік сегментіндегі жетістігінің символына айналды.

Aurus Senat 4,4 литрлік V8 қозғалтқышына негізделген гибридті қондырғымен жабдықталған. Оның қуаты — 598 ат күшіне тең. Көлік ұзындығы 5630 мм, ал массасы — 3,2 тонна. Максималды жылдамдығы — 250 км/сағ, ал жылдамдығын сағатына 100 шақырымға дейін 4-6 секундта арттыра алады. 

Лимузиннің брондалған корпусы әртүрлі қауіптерден қорғайды, ал интерьер жоғары сапалы материалдардан жасалған.

Бір ерекшелігі Путин өзі көлік тізгіндегенді ұнатады. Тіпті шетелдік сапарларда Aurus Senat көлігін алып барып, өзге ел президенттеріне көрсетіп, жүргізгенді ұнатады. 

Мәселен, 2023 жылы қыркүйек айында Путин Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөздер жүргізу үшін президенттік көлікпен барған.

2023 жылдың 7 қазан күні ол Шавкат Мирзиеевке жол талғамайтын көлігін таныстырған еді. 2019 жылдың қаңтарында Путин Белградқа барған соң сербиялық әріптесі Александр Вучичті Aurus лимузине отырғызып, қаланы бір айналып шыққан. 

Жалпы көліктің техникалық жабдықталуы, ішкі құрылымы туралы ақпараттар аз. РФ президентінің әкімшілігі қауіпсіздік мақсатында да артық ақпарат таратпауға да тырысуы мүмкін. Оны құрастырумен арнайы ғылыми орталық айналысқаны белгілі. Ашық желілерде жалпы сипаттамасы ғана жазылған. Алайда дәл президенттің көлігінде көптеген қосымша жабдықтар орнатылғаны анық. 

Си Цзиньпин таңдауы Hongqi көлігіне түсті

ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді жүргізушілері FAW компаниясы жасаған Hongqi N701 лимузинімен алып жүреді. Hongqi («Қызыл ту») маркасы Қытайдың ұлттық автокөлік өнеркәсібінің символы саналады. Ол жоғары лауазымды тұлғаларды тасымалдау үшін пайдаланылады.

Hongqi N701 заманауи дизайн туындысы. Авто озық технологиялармен жабдықталған. Брондалған корпусы және халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздік жүйелерімен ерекшеленеді. Си Цзиньпин шетелдік сапарларына да жеке көлігімен барады. Мәселен, былтыр Қазақстанға сапары барысында да жеке Hongqi көлігімен көзге түсті. 

Жалпы Hongqi 65 жылдық тарихы бар Қытай Халық Республикасындағы ең көне жеңіл автокөлік бренді. Бұл FAW мемлекеттік концернінің бір бөлігі. Бастапқыда Hongqi брендімен автокөліктер тек партиялық элита үшін шығарылды.

Ал Қытайдың ұлттық көлігін жасау идеясы Мао Цзэдунға тиесілі. ҚХР-ның бірінші басшысы және негізін қалаушы 1950 жылдардың аяғындағы «Ұлы секіріс» науқанына автоөнеркәсіпті қосты. Осылайша президенттік лимузинді шығарудың алғашқы қадамы 1955 жылы жасалды. Ал 1958 жылы Dongfeng CA71 прототипі Қытай автомобиль өнеркәсібінің тұңғышы болып шықты. Кейіннен флагмандық өзінің Hongqi атауына ие болды.

Бейресми деректерге сәйкес, қайта жанданған Hongqi лимузині Toyota жобаларының негізінде жасалған: атап айтқанда, жақтау мен шасси архитектурасы Land Cruiser Prado-дан алынған. Дегенмен бірнеше жылдан кейін терең модернизацияланған L7/L9 дизайнын өзгертпестен, монокок дизайнына ауысты. Лимузин 6 сатылы автоматты беріліс қорабымен бірге жұмыс істейтін 6,0 литрлік V12 бензин қозғалтқышымен жабдықталған. 

Бұл ретте Hongqi N701 туралы ақпарат аз, ашық ақпарат көздерінде бары бір-біріне қайшы. Ең танымал екі теория бар: кейбір инсайдерлер капоттың астында LS7 кроссоверінен 4,0 литрлік турбо V8 қозғалтқышы бар деп санайды, басқалары – флагмандық «азаматтық» H9 седанымен ішінара біріктірілген және гибридті 3,0 литрлік V6қозғалтқышпен жабдықталған деп есептейді. 

Лимузиннің ішкі дизайны ағаштан жасалған.Терезелері толық брондалған, алайда Hongqi N701-дің артқы терезесі жоқ, төбесі толық брондалған. 

Ким Чен Ын қандай көлікті таңдады?

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Mercedes-Maybach S600 Pullman Guard көлігін жиі қолданады. Бұл көлік жоғары деңгейдегі қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді.

Mercedes-Maybach S600 Pullman ұзындығы 6,5 метр және 530 ат күші бар 6 литрлік V12 қозғалтқышымен жабдықталған. 

Бұл премиум-класс сегментіндегі арнайы жасалған көлік. Ол қауіпсіздік, жайлылық жағынан ең жоғары деңгейдегі авто. Бұл модельді көбіне мемлекет басшылары, корольдік отбасылар және элита өкілдері пайдаланады. 

Негізгі техникалық сипаттамалары:

  • Қозғалтқыш: 6.0 литрлік V12 битурбо.
  • Қуаты: 530 ат күші.
  • Айналу моменті: 830 Н·м.
  • Жылдамдығы: максималды жылдамдық 250 км/сағ (электронды түрде шектелген).
  • Ұзындығы: 6,5 метр.
  • Салмағы: 5 тоннаға жуық (бронированған версияда).

Қауіпсіздік бойынша темір тұлпар ең жоғары деңгейде броньдалған (VR9 стандартына сәйкес). Өндірушілер авто оқтан, гранатадан және жарылыстан қорғайды деп сендіріп отыр. Сонымен қатар химиялық шабуылдарға қарсы ауа тазарту жүйесімен жабдықталған. Автомобильдің астына жасырын жарылғыш заттар орналастырылған жағдайда да жолаушыларды қорғайды. Өртке қарсы автоматты жүйелері де бар.

Mercedes-Maybach S600 Pullman Guard-ты Ким Чен Ын ғана емес, әлем көшбасшыларының көбі пайдаланады. Олардың ішінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бар. 

Еске сала кетсек, 2024 жылы Ресей президенті Владимир Путин Ким Чен Ынға Aurus көлігін сыйға тартты.

Қазақстан президентінің таңдауы қандай?

Ашық ақпарат көздерінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Mercedes-Benz S600 Pullman W220 көлігімен жүретіні жазылған. Бұл көліктің қозғалтқышы 6 литр, ұзындығы 6,5 метр.

Көліктің дөңгелек базасы 4,42 метрді құрайды. Төбесінің биіктігі 100 мм-ге ұлғайтылған. Көлік қауіпсіздік пен жайлылық жағынан да өте ыңғайлы. 

Ал 2024 жылы Қазанда өткен БРИКС саммиті кезінде Тоқаевты жергілікті БАҚ Aurus Senat көлігімен жүргінен байқаған.

Motor.ru ақпаратына сүйенсек, Тоқаев әдетте Mercedes-Maybach S сериясын пайдаланады. Неміс седаны Қазанға да әкелінді, бірақ қосалқы көлік ретінде пайдаланылған.

Сондай-ақ оқыңыз