Қазақстаннан шетелге қанша ақша алып шығуға болады?
Қазақстаннан ұлттық валютада кез келген соманы шығаруға рұқсат етілген. Алайда Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) тыс жерге шықсаңыз және қолыңызда 10 000 АҚШ долларына балама сома (теңгеде) болса, оны декларациялау керек. Бұл туралы Кедендік бақылау департаменті Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы Қуат Қалдашев «Білген абзал» бағдарламасында айтты.
Яғни, мемлекетке хабарлау керек. ҚР Кеден кодексінің 343-бабында осындай талап бар. Шетелге алып шығатын сома сол күнгі валюта бағамы бойынша есептеледі. Мәселен, 27 қаңтар күнгі доллардың ресми бағамы 517, 84 теңге. Шетелге 5,2 млн теңгеден аса алып бара жатсаңыз, декларация толтырасыз.
Ал ЕЭАО құрамындағы мемлекеттер: Ресей, Қырғызстан, Беларусь пен Арменияға бара жатсаңыз, алатын ақша көлеміне шектеу жоқ. Декларация толтыру да талап етілмейді.
Шетелге 100 мың доллардан асатын ақша алып шықса, ақша қайдан келгенін көрсету керек
Егер ЕАЭО құрамындағы мемлекеттерге 100 000 АҚШ долларынан асатын қолма-қол ақша алып өтсеңіз, тек декларация тапсыру жеткіліксіз. Бұл ақшаның қайдан алынғанын дәлелдейтін құжаттарды көрсету керек. Олар:
- Жылжымайтын мүлік сату туралы келісім:
- Банк чегі;
- Несие шарты немесе басқа заңды құжаттар болуы мүмкін.
Бұл ереже 2019 жылдың тамызында қабылданып, 2020 жылдың ақпанынан бастап күшіне енген.
Кеден декларациясын қалай тапсыруға болады?
Шетелге шығып бара жатқанда, қалтаңызда қолма-қол 10 мың доллардан асатын қаржы болса, кеден декларациясын тапсыру керек дедік. Оны қағаз түрінде әуежайда толтыруға болады немесе елден шығардан бірнеше күн бұрын egov.kz порталы арқылы тапсыруға болады.
Онлайн декларация толтыру үшін:
- egov.kz сайтынан «Азаматтарға» бөліміне кіріңіз.
- «Кеден және салық» → «Кеден» → «Жолаушылар декларациясы» қызметін таңдаңыз.
- «Қызметті онлайн сұрау» батырмасын басыңыз.
Декларацияда «Қолма-қол ақша және (немесе) жол чектері…» тармағын белгілеп, нақты сомасын жазып, ақшаның қайдан алынғанын және оны қалай пайдаланатыныңызды көрсетесіз. (мысалы, бизнес кірісі, жылжымайтын мүлік сату, мұрагерлік, т.б.).
Шетел валютасын алып шығуға шектеу бар
Қазақстаннан шетел валютасын алып шығуға нақты шектеу бар. Шекарадан кез келген елге 10 мың долларға дейін ғана валюта өткізуге болады.
Шетел валютасын 10 000 АҚШ долларынан артық сомада алып өтуге ЕАЭО елдеріне барғанда да тыйым салынады. Шекара қызметі сізден қанша ақша алып бара жатқаныңызды сұрауға, сондай-ақ жеке тексеру жүргізуге құқылы. Сондықтан ережені бұзбаған дұрыс.
Егер шектеуден асып кетсеңіз, артық сома тәркіленіп, сот шешімімен мемлекет пайдасына өтуі мүмкін. Бұдан бөлек, заң бұзғаныңыз үшін айыппұл салынады. Бұл шектеу тек қолма-қол ақшаларға ғана емес, сонымен қатар банк және жол чектері, құнды қағаздар мен вексельдерге де қатысты.