«Тесік қайық» іспетті. Алдағы 5 жылда МӘМС жүйесі арқылы тегін медициналық қызмет алу қиындай түсуі мүмкін

Жарияланды
МӘМС
2031 жылдан бастап, Медициналық сақтандыру қоры өз функциясын дұрыс атқара алмайды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2031 жылдан бастап, Медициналық сақтандыру қоры өз міндеттемелерін орындай алмай қалады. Бұған қордың шығындарының артуы себеп болады. Мұндай болжамды Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата өкілі Нұрлан Нұржанов айтты.

«Қордың қолданыстағы Қаржы моделінің болжамына сәйкес, алдағы 5 жылда Медициналық сақтандыру жүйесінің ағымдағы дамуы оның тұрақсыздығына әкеп соғады деп қарастырылуда», – дейді аудитор.

Аудиторлар болжамына сәйкес, 2026 жылдан бастап, қордың жыл сайынғы шығыстары түсімдерден асып кетеді. Мұндай үрдіспен қор 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмай қалады.

Сонымен бірге палата аудит нәтижесінде қордың жасаған қаржылық моделінде бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Салдарынан 2022-2023 жылдарға арналған қаржы моделінің кіріс және шығыс бөлігі жалпы көлемі 351 млрд теңгеге дұрыс қалыптастырылмаған.

Оған қоса, Қор тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты тиісті деңгейде мониторинг жүргізілмейтіні анықталған. Яғни қаражаттың орынды немесе орынсыз жұмсалуын қор бақыламайды.

Мәселен, кейбір медициналық мекемелер тиісті медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмаса да қаржы алған. Ал кейбірі денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаған, сондай-ақ қормен шарт жасасу кезінде күндізгі стационардың төсек қоры құжатта көрсетілгеннен де аз болып шыққан.

Сонымен бірге медициналық ұйымдар өздерінде тіркелген мүгедектігі бар адамдарға тиісті жағдай жасамағаны белгілі болған.

Тесік қайық

Депутат Асхат Аймағамбетов те, МӘМС жүйесінің болашағына күмәнмен қарайды. Ол МӘМС жүйесін тесік қайықпен теңестіріп, оның түбінде су түбіне кететінін айтты.

«Өзенде жүзіп келе жатқан бір қайықты елестетсеңіздер. Қайықтың түбі тесіліп, оған су жинала береді. Су тоқтар емес, ал қайықшы бұл тесікті жамаудың орнына, қолына шелекті алып, суды сыртқа төгумен әлек. Әрине, бұл ештеңені бермейді. Су әрі қарай жинала береді, қайық бата береді. Міне дәл осындай жағдай МӘМС жүйесінде болып жатыр. Мәселенің негізгі себебін жоюдың орнына тек оның салдарымен ғана күрес жүріп жатыр», – деді депутат.

Аймағамбетов МӘМС-тің қазіргі моделі халыққа медицинаны қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр деп санайды. Мәселен, бір ұйымда 5 айлық баланың тісін құрттан емдесе, енді бірі бір адамға бір күнде 32 қызмет көрсетіп, ақы алуға тырысқан. Депутат мұндай келеңсіз жағдайларға қордың жүйесіз жұмысы негізінде жол берілетінін айтады.

«Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді. Себебі қаражат әр емделген жағдай үшін емес, әр қызмет үшін төленеді. Нормативтер жоқ, цифрландыру жоқ. Ал клиникалық протоколдар мен тиісті стандарттар бұлыңғыр және ашық емес», – деді Аймағамбетов.

Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесін бұрыннан бері сынға алып жүр. Оның айтуынша, соңғы жылдары МӘМС жүйесінің енгізілгенінен қарамастан, халықтың медицинаға жұмсайтын шығындары 27%-дан 31%-ға дейін өскенін, мұндай жүйенің азаматтардың мүддесіне қайшы келетінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз