Оңтүстік-Шығыс Азиядағы табиғаты тамсандыратын, экожүйесі бай елдердің бірі — Малайзия. Құм керек болса — құм, тропик орман десеңіз орманы бар. Қыс болмайтындықтан, бұл жаққа жылдың қай мезгілінде барсаңыз да ұтылмайсыз. Әйтсе де, жағажайда күнге қыздырамын дегендер жаңбырлы маусымды ескерсе болғаны. Көршілес Таиландтың аралдарына қарағанда, бұл жақта жауын әжептәуір аз. Олай болса, Малайзияға тур сатып алмай, өзіңіз барғыңыз келсе не ескеру керек, қалай баруға болады — осы туралы айтайық.
Ел туралы жалпы ақпарат
Негізі бұл ел Шығыс және Батыс деп екіге бөлінеді. Негізгі бөлігі — Батыс Малайзияда. Астанасы (Куала-Лумпур) мен Малакка, Путраджая осы жақта орналасқан. Ал Шығысында Борнео (Калимантан) мен соған жақын жерлердегі аралдар бар. Малайзия 13 штат пен 3 федерал аумақтан тұрады. Оның тоғыз штатын монархтар басқарады. Әр бес жыл сайын патша сайланып тұрады. Бірақ негізгі билік парламент пен премьер-министрдің қолында. Ұлттық тілі — малай.
Бірақ 1957 жылға дейін Ұлыбританияның қол астында болғандықтан, мұндағылар ағылшынша жақсы біледі. Өздеріне тән акцент бар демесеңіз, Азияның басқа елдеріне қарағанда, малайлардан ағылшыны тәп-тәуір. Салыстыратын болсақ, Таиланд пен Вьетнамда жергілікті халық ағылшынша нашар сөйлейді. Яғни Малайзияға барып, өзім аралаймын десеңіз, гид жалдап әуре болмасаңыз болады. Ауызекі ағылшыншаңыз жарайды. Туристерге халық жақсы қарайды.
Виза керек пе?
Малайзияға бару үшін қазақстандықтарға виза керек емес. 30 күн визасыз жүруге рұқсат. Бастысы, қайтар билетіңіз болса болды. Өйткені кеден қызметкерлері сұрайды. Егер бір айдан артық тұрғыңыз келсе, визаны создыруға рұқсат сұрауыңыз керек. Болмаса, көрші елдерге бірнеше күнге кіріп шығып, қайта келіп тағы бір ай тұрсаңыз болады. Мұны «визаран» деп атайды.
Малайзия бірінші рет бұлай жасағандарға ештеңе демеуі мүмкін. Дегенмен бірнеше рет қайталанса, «бұл кісі неге елге келгіш болып кетті» деп күдіктенуі мүмкін. Әдетте туристер Таиланд, Сингапур не Вьетнамға барып қыдырып келіп, Малайзияға визаран жасайды.
Билет алғанда не ескеру керек?
Қазақстаннан Малайзияға Алматыдан тіке рейстер бар. Азиялық лоукостер Air Asia қатынайды. Жолға 8 сағаттай кетеді. Одан бөлек, бірнеше жерге тоқтап баратын рейстер де табылады. Билетті барынша ертерек алуға тырысқан жоқ. Себебі Малайзияға чартер рейстер әзірге жоқ. Болмаса, Вьетнам, Таиландқа баратын чартерге билет алып алып, бір барғанда бірнеше елді тамашалап қайтсаңыз болады. Билетті бірнеше агрегатордан қатар қарап отырыңыз. Ең ыңғайлысы — Aviasales бен Skyscanner.
Қашан барған дұрыс?
Бұл сұраққа нақты бір жауап беру қиын. Өйткені басында айтқандай, бұл жаққа жыл — он екі ай саяхаттай беруге болады. Дегенмен жаңбырлы маусым аяқталған тұста — ақпан мен қыркүйек аралығы жақсырақ. Бұл жақта көрші аралдармен салыстырғанда, жаңбыр төгіп жаумайды, әрі айнала жасыл желек. Сондықтан барынша ауасы құрғақ, турист онша көп болмайтын кез деп наурыз-маусым аралығын айта аламыз.
Жағажайда демаламын дегендерге Лангкави, Пенанг аралдарына баруға болады. Тиоман не Реданг аралдарын көргіңіз келсе, онда наурыз бен қыркүйек аралығы жақсырақ. Егер сізге суға түсіп, күнге қыздырыну қызық болмаса, онда Малайзия штаттарын араласаңыз болады.
Жолды қалай жоспарлаймыз?
Куала-Лумпурдың өзімен танысуға 2-3 күн жетіп жатыр. Алғаш барғандар Hop-on Hop-off туристік автобусына отырып, қаланы бір аралап шыққаны жөн. Егер бұл уақыт маған өте аз десеңіз, онда әрі кетсе бір апта жеткілікті. Бұл қалада сіз көруіңіз керек басты жерлерді айта кетейік:
- Petronas Towers пен соның қасындағы саябақ, кешке билейтін субұрқақ шоуын тамашалаңыз;
- Менара телемұнарасы мен 360 көру алаңы;
- Бату үңгірі (Batu Caves);
- Негара мешіті мен мұражайы;
- Chinatown;
- Жалан Табаған базары (Jalan Alor);
- Ислам өнері мұражайы;
- Куала-Лумпурдағы ең биік ғимарат — Мердека;
- Гомбак пен Кланг өзенінің қосылатын жері;
- Жәмек мешіті;
- Тәуелсіздік алаңы (Абдул-Самат сұлтанның сарайы);
- Пердана ботаникалық бағы;
- KLCC саябағы(Kuala Lumpur City Centre Park)
- Сауда үйлері.
Қалада қандай қызық барын білгіңіз келсе, Klook мобайл қолданбасын жазып алыңыз. Біріншіден іс-шаралардан хабардар боласыз, екіншіден кезекте тұрмайсыз. Әрі бұл жерде танымал жерлерге кіретін билеттерге жеңілдік көп болады. Бір жақсысы бұл қолданба бүкіл Азияны қамтиды. Көрші елдерге барсаңыз да кәдеге жарайды. Егер белсенді демалыс ұнайтын болса, онда SplashMania WaterPark аквапаркіне барыңыз. Отбасымен қыдырып жүргендерге сөзсіз ұнайды. Таксимен барсаңыз жолға 40 минуттай кетеді. Билетін Klook арқылы алып қойыңыз.
Қаланың у-шуынан шаршасаңыз, міндетті түрде Малаккаға барыңыз. Бұл — тарихи, тыныш қала. Осы аттас штаттың астанасы, елдегі ең көне қала саналады (1396 жылы негізі қаланған). Бір қызығы, бұл жақта байырғы малайлар аз. Көбіне Қытай, Португалия, Англиядан көшіп келіп, қоныстанғандар.
Ақшаға қатысты
Малайзияның ұлттық валютасы — малайзиялық ринггит. Елге кірген соң, ақша айырбастайтын жерден аздап ринггитке ауыстырып алғаныңыз жөн. Бірақ көп жерде картамен төлеуге болатындықтан (әрі қазақстандық банктер шетелде де картамен төлегендерге кәшбек береді) барлығын ауыстырып алмағаныңыз дұрыс. Тек базар сияқты жерлерде ғана қолма-қол ақша керек болып қалуы мүмкін.
Материал дайындалған сәттегі курс: 1 ринггит — 118 теңге. Доллар, еуро, бат болса, оны кез келген жерден айырбастап ала аласыз. Бірақ теңгені қабылдамайды. Сондықтан шығатын кезде ойластырып алыңыз. Әуежайда курс өте тиімсіз. Ұтылып қалмас үшін қала ішіндегі айырбастайтын бөлімшелерге барыңыз. Оған қоса, банктерден премиум-карта ашатын болсаңыз, көпшілігінде банкоматтан ақша шығарғанда белгілі бір сомаға дейін комиссия ұстамайды. Шетелде комиссия өте жоғары екенін ескерсек, премиум не тревел-карта өте қажет. Себебі комиссиядан бөлек, кәшбек, сақтандыру, бизнес-лаунжға тегін кіру, консьерж қызметтері бар.
Тұратын жерді қалай таңдауға болады?
Дәстүрлі қонақүйден бөлек, апартамент немесе кондоминиум таңдасаңыз болады. Малайзиядан тұрғылықты жер іздегенде, Booking, Agoda, Airbnb қолданбаларын жүктеп алған дұрыс. Тағы бір лайфхак: Google Maps арқылы іздеп, қарасаңыз «Бағалар» деген бөлімде агрегаттардағы бағаларды салыстырып қарауға болады. Мысалы Booking-тен де арзан сервис тауып қалуыңыз мүмкін. Сонымен бірге үй жалдайтын кезде жазылған пікірлерге қарап алыңыз.
Әдетте бұл жақтағы барлық пәтерде фитнес-зал, бассейн, ойын алаңы тегін болады. Туристерге ең қолайлы аудан — орталыққа жақын маң. «Чайнатаун» немесе «Литл Индия» сияқты аудандардан алмауға тырысыңыз. Өйткені бұл жақта жергілікті тұрғын өте көп, әрі шулы болады. Оған қоса өте лас. Сол себепті Букит Бинтанг не Орталық (Мердека алаңы) жақ дұрысырақ. Бұл маңай да шулы, бірақ есесіне колориті көп, әдемі.
Көлік мәселесі
Халықаралық жүргізуші куәлігіңіз болса әрі бірнеше адам болып жүрсеңіздер, машина жалға алған абзал. Өйткені қонақүйде болсын, пәтерде болсын көлік тұрағы көбіне тегін болады. Ал енді куәлігі жоқтар таксимен де, қоғамдық көлікпен де жүре алады. Айталық, әуежайдан Куала-Лумпурдың орталығына былайша баруға болады:
- Такси. Әуежайдағы ресми такси қымбат. Сондықтан сәл жүріп, Grab Taxi немесе Bolt шақырған дұрыс. Бұл сервистерде қанша адам жүргеніне қарай бірнеше тариф болады. Мысалы, отбасыңызбен жүрсеңіз, шабаданыңыз көп болса, онда 6-7 орындық машина шақырасыз. Қолданбада барлығы түсінікті жазылып тұрады. Адам санына қарай өзіңізге керек көлікті тауып аласыз.
- Автобус. Ең арзан тәсілі осы. Әуежайдың бас терминалынан шығып, жолдан өтіп, LCCT Shuttle Service деген жазуды іздеңіз. Таңғы 06:30-дан бастап түнгі 00:30-ға дейін KL Sentral деген стансаға дейін қатынайды.
- Экспресс. KLIA бас терминалынан шығып KL Sentral орталық вокзалына дейін жетіп алуға болады.
Егер таксимен емес, қоғамдық көлікпен жүремін десеңіз, мұнда қаладағы логистика жақсы дамыған деп айта аламыз. Мынадай қоғамдық көлік түрлері бар:
- Монорельс. Мұнда 11 станция тоғысады. Оның ішінде KL Sentral орталық вокзалы да бар.
- Метро. Куала-Лумпурда метрополитеннің үш тармағы бар. Әрі мұнда метро жер астында ғана емес, жер үстінде де бар. Тіпті стансалардың басым бөлігі жер үстімен жүреді. Қаланы бір аралап шығуға таптырмайтын мүмкіндік.
- Тегін автобустар. Қалада төрт түрлі-түсті маршрут бар. GO KL автобустарының қызыл, көк, жасыл және күлгін түсті маршруттары тегін қатынайды.
Артық болмас білгеніңіз…
- Малайзияда токқа тығатын рәзетке біздегіден басқа. Сондықтан британиялық стандартқа сай штекер керек болады. Оны әуежайдан да, тоқтаған үйіңіздің астындағы супермаркеттен де таба аласыз. Әрине, елден шықпай тұрып алып кетсеңіз тіпті жақсы.
- Дәрі-дәрмекті өзіңізбен ала шығыңыз. Әсіресе, аллергия, бас ауру, іш өткенге, күйікке арналған дәрілер қажет болып қалуы мүмкін. Дала ыстық, ғимарат іші кондиционер қосылып тұрғасын тастай болатындықтан, бірінші барғанда көбі суық тигізіп алып, тұмауратып қалып жатады. Дегенмен бұл жақтағы азық-түлік дүкендерінің өзінде ә дегенде керек болып қалатын дәрілерді сата береді. Дәріхана іздеп әуре болмайсыз десе болады.
- Интернетке қатысты айтар болсақ, Maxis, Celcom, Digi, Hotlink сияқты жергілікті операторлар бар. Қанша күнге келгеніңізге қарай пакет түрін таңдап алыңыз. Бес күннен бастап отыз күнге дейін жарайтын тарифтер ұсынады. Бағалары бір-бірімен шамалас. Демде сим-карта рәсімдеп ала аласыз. Бірақ дамыған заманда eSim-мен де жүре беруге болады. Еш жерге бармай-ақ, телефоныңызда е-сим қабылдаса қолдана беріңіз. Тіпті премиум-картасы барларға бастапқыда такси шақырып алуға жететіндей гигабайт та беріледі.
Қазақстандықтар демалатын көп баратын Хайнань аралында демалудың ерекшеліктері мен кемшін тұстары жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таиландтағы Самуи аралындағы демалыстың қыр-сырына тоқталғанбыз.