Жетісуда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Бюджет кодексін бұзған

Жетісу облысының прокурорлары Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағы 3 лауазымды қызметкердің Бюджет кодексін бұзғаны туралы істі тергеуді аяқтаған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, 2020 жылдың наурыз айында басқарма қаладағы саябақты жөндеу туралы мердігер компаниямен келісім жасайды. Саябақты жөндеуге 1 млрд 92 млн теңге бөлінетін болған.
«Алайда Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 97-бабының 6-тармағының талаптарына қайшы, тапсырыс беруші мердігердің пайдасына төлемдерді жүзеге асыру кезінде міндеттемелердің толықтығын қамтамасыз етпеген», – делінген хабарламада.
Басқарманың міндетті дұрыс атқармауы салдарынан мердігер компания жұмысты толық аяқтамаған. Бұл мемлекетке 37 млн теңге шығын келтірген. Прокуратура мердігердің шығынды мемлекетке өтегенін жазған.
Айта кетейік, осыған дейін Жетісу прокурорлары 20 жыл бойы жекенің меншігінде болған Талдықорғандағы «Ардагерлер саябағын» мемлекетке қайтарған.