Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев үшінші АЭС салынатын орынды зерделеу жұмыстары басталып кеткенін мәлім етті.
Министрдің мәліметінше, аталған мақсатта арнайы комиссия құрылған.
«Технологияның типіне байланысты атом стансасын кез келген жерге салуға болады. Құрғақ салқындату сияқты тәсілдердің арқасында АЭС салынатын орында үлкен су қоры болуға тиіс деген талап енді жоқ. Сондықтан орталық жүктеме мен топографиялық желілерді, қауіпсіздікті басшылыққа алатын боламыз»,– деді министр брифингте.
Сәтқалиев АЭС құрылысына ыңғайлы ықтимал орындарды зерттегенде, Ақтау да қарастырылатынын атап өтті.
Курчатов
Энергетика министрінің сөзінше, екінші АЭС салынатын орын ретінде Абай облысындағы Курчатов қаласы қарастырылып отыр.
Курчатов қаласында АЭС салуды бірінші болып Сенат депутаты Андрей Лукин ұсынған.
Ал бірінші АЭС құрылысы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады.
Айта кетейік, екінші АЭС-ті салу үшін референдум өткізілмейді. Министрдің айтуынша, заңнамаға сәйкес, екінші атом электр станциясы Үкіметтің шешімі бойынша салынады.