Мәскеуде «Фонбет» букмекерлік компаниясының бас директоры ұсталды

Жарияланды 29 Қаңтар 2025 15:00

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
Мәскеуде «Фонбет» букмекерінің бас директоры ұсталды
Мәскеуде «Фонбет» букмекерінің бас директоры ұсталды / Фото: «Фонбет», бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәскеуде «Фонбет» букмекерлік компаниясының бас директоры және Ресей футбол федерациясының бұрынғы вице-президенті Сергей Анохин ұсталды. Бұл туралы The Insider басылымы жазады.

Не үшін ұсталды?

Басылымның ақпаратына сүйенсек, Сергей Анохин полиция қызметкеріне 50 млн рубль (263 млн теңге) пара берді деген күдікке ілінген. Параны алуы тиіс болған полиция қызметкері де қамауға алынған.

Анохин деген кім?

Анохин – Ресей футболындағы танымал тұлғалардың бірі. Мәскеу футбол федерациясында, Ресей футбол федерациясының атқарушы комитетінде қызмет етіп, бұқаралық футбол комитетінің басшысы болған. 2020-2021 жылдары Мәскеу облыстық «Химки» футбол клубын басқарған. 2022 жылы «Фонбет» букмекерлік компаниясының бас директоры болған. Анохиннің кезінде «Химки» клубының инвесторы болған Туфан Садыгов есімді азамат та алаяқтық фактісімен қамауға алынған.

Қазақстанға қандай қатысы бар?

«Фонбет» букмекерлік компаниясы Қазақстанда жұмыс істейді. Компания сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда ойындарды Domina Fortuna атты компания ұйымдастырады. Компра жүйесінің ақпаратына сүйенсек, оның құрылтайшысы Rojus Limited кипрлік компаниясы. Оның негізін ресейлік шахматшы Анатолий Мачульский қалаған. «Фонбет» Ресейдегі ең көне букмекерлік компания саналады.

Қазақстандағы бәс тігу бизнесінің түбінде бірнеше елдің азаматтары тұр. Негізінен олардың ізі Украина және Ресейге алып барады.

Сондай-ақ оқыңыз