«Медеу» мұз айдыны 2025-2027 жылдары күрделі жөндеуге жабылады

Жарияланды 29 Қаңтар 2025 10:50

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Медеу” мұз айдыны 2025-2027 жылдары күрделі жөндеуге жабылады/фото: shutterstock

«Медеу» мұз айдыны 2025-2027 жылдар аралығында күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалында жауап берді.

Құжаттағы мәлімет бойынша, жөндеу жұмыстары Алматы қаласын дамыту бағдарламасына сәйкес жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазіргі уақытта бюджеттік заңнамаға сай рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Қайта жөндеу жұмыстары аясында «Медеу» халықаралық стандарттарға сәйкес жаңартылады. Оның техникалық мүмкіндіктері Халықаралық конькимен жүгіру одағының (ISU) талаптарына сай келетін болады. Бұл конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанау бойынша халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі мұз айдынының функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар қабылдайды. Олардың ішінде:

  • Бэнди (допты хоккей) жарыстарын өткізу
  • Мұздағы спидвей (мотоцикл жарысы) бойынша әлем чемпионаттарын ұйымдастыру
  • Мәнерлеп сырғанау және түрлі мәдени-спорттық іс-шараларды өткізу

Айта кетейік, «Медеу» мұз айдыны – әлемдегі ең биік орналасқан ашық мұз айдындарының бірі.

  • Айдынның ауданы: 10 500 шаршы метр
  • Биіктігі: теңіз деңгейінен 1691 метр
  • Рекордтар саны: конькимен жүгіру спорты бойынша ең көп әлемдік рекордтар осы жерде орнатылған

Бұған дейін, «Медеуде» адамдар көптігін және ауа райын алдын ала көруге болатын онлайн-камера орнатылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз