Жаңалықтар

Қазақ-өзбек шекарасындағы «Тәжен» өткізу бекеті үш айға жабылады

Фото: Ашық дереккөз

2025 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Тәжен» өткізу бекеті 3 айға жабылады. Өткізу бекетінде жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты жеке тұлғалар үшін қызмет көрсетілмейді. Бұл туралы кірістер комитеті хабарлады.

Сондай-ақ бекеттегі жеңіл автокөліктің, автобустардың және 3,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу қойылады.

Осыған байланысты қозғалыс ағыны қазақ-өзбек шекарасындағы өзге бекеттерге бөлінеді.

Қозғалыс қай бекеттер арқылы жүреді

«Б.Қонысбаев» – «Яллама» өткізу бекетінде барлық қозғалыс түріне рұқсат етілсе, «Қапланбек» – «Зангиота» өткізу пункті арқылы жеке тұлғалар, жеңіл автокөлік құралдары мен автобустар жүре алады.

«Сырдария» – «Малик», «Целинный» – «Ок Олтин» өткізу бекеттері арқылы жеңіл көліктер мен жеке тұлғалар ғана өте алады. Ал «Бейнеу» – «Каракалпакия» теміржол өткізу пунктінде жеке тұлғаларға ғана қозғалысқа рұқсат.

Кірістер комитеті жаңғырту аяқталғаннан кейін, өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы жақсарып, жеке тұлғаларға шекарадан өту ыңғайлы болатынын айтады.

Қазақстан биыл Өзбекстан, Қытай және Түрікменстан шекарасындағы 9 өткізу бекетін жөндеуден өткізгелі отыр.