Жәнібек Әлімханұлы алғаш рет Қазақстанда чемпиондық атағын қорғайды

Жарияланды 30 Қаңтар 2025 16:10

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда чемпиондық атағын қорғайды / фото: instagram

Орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 KO) IBF және WBO белбеулерін қорғау үшін келесі жекпе-жегін 5 сәуір күні Астанада қаласында өткізеді. Бұл туралы The Ring басылымы хабарлады.

Қарсыласы кім болады?

Бұған дейін Әлімханұлының шаршы алаңда Ұлыбританиялық Шакил Томпсонмен (13-0, 7 KO) кездесуі мүмкін екені айтылған болатын. Алайда бұл келіссөздер сәтсіз аяқталып, тараптар ортақ шешімге келе алмады.

The Ring рейтингі бойынша орта салмақта бірінші орында тұрған Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой мансабында Қазақстанда бар болғаны екі рет жұдырықтасты – оның екеуі де 2017 жылы өткен. Кейіннен ол Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, АҚШ-та 13 кездесу өткізді. Соңғы жекпе-жегі 2023 жылдың қазан айында Аустралияда өтіп, сол елдің өкілі Андрей Михайловичті 9-раундта нокаутқа түсірді.

Жәнібектің чемпиондық жолы

Жәнібек Әлімханұлы WBO тұжырымы бойынша «уақытша» чемпиондық белбеуді 2022 жылы мамыр айында Дэнни Дигнумды нокаутқа жіберіп жеңіп алды. Кейіннен WBO чемпионы Деметриус Андраде титулдан бас тартқаннан кейін, Жәнібек толыққанды чемпион атанды.

2023 жылдың қазанында неміс боксшысы Винцента Гюальтьеримен IBF және WBO белбеулері үшін жұдырықтасып, қарсыласын 6-раундта нокаутқа түсірді. Осылайша, екі санатта толыққанды чемпион атанды.

Жәнібектің Қазақстандағы алдағы жекпе-жегі жанкүйерлер үшін үлкен жаңалық болмақ. Бұл кездесу оның кәсіпқой мансабындағы алғашқы чемпиондық титулын отанында қорғауы болмақ. Қарсыласы кім болатыны алдағы күндері анықталады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елімізде Шавкат Рахмонов, Жәнібек Әлімханұлы сияқты спортшыларымыздың жекпе-жектері өтетіні туралы мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз