Дүниежүзілік Банк: Қазақстан экономикасы 2025 жылы 5%-ға өседі
Дүниежүзілік Банк Қазақстан экономикасының болашағына қатысты болжамын жариялады. Халықаралық ұйым мамандарының жазуынша, мұнай өндірісін көбейту және фискалды саясатының нәтижесінде 2025 жылы ел экономикасы 4,5%-5%-ға өседі.
Ал 2025 жылы инфляция 7,5-8%-ға, 2026 жылы 6%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Дегенмен валюта құбылмалығының нәтижесінде инфляциялық қысым әлі де сақталады дейді мамандар.
«Қазақстанның фискалдық саясаты 2025-2026 жылдардағы жоғары бюджет тапшылығымен ынталандырушы болып қала береді.Мемлекеттік қарыз басқарылатын деңгейде қалғанымен, фискалдық тапшылықтарды жабу үшін ішкі қарыз алуға және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаражат алуға тәуелділіктің артуы қордың ұзақ мерзімді тұрақтылығына қатысты алаңдаушылық тудырады. Бұл есепте біз фискалдық тәртіптің маңыздылығын және осы мәселелерді шешу үшін кіріс көздерін әртараптандыру қажеттігін атап өтеміз», – деп атап өтеді Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы Тұрақты өкілі Андрей Михнев.
Банк зерттеуіне сенсек, Қазақстанның салықтық түсімдері басқа елдерге қарағанда анағұрлым төмен. Бұл негізгі мемлекеттік қызметтің қаржыландыруын шектейді. Осыған байланысты банк мамандары фискалды мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарын да жазады.
Ұсынылған реформаларға прогрессивті табыс салығы жүйесіне көшу, тиімсіз салықтық жеңілдіктерді кезең-кезеңімен жою, ҚҚС реформасы, акциздік салықтарды экологиялық мақсаттарға сәйкестендіру және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру кіреді
«Қазақстандағы инфрақұрылымның қазіргі жағдайы өнімділікті арттыру және мемлекеттік қызметтердің үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік инвестициялар көлемін ұлғайтуды қажет етеді. Сондықтан ұзақ мерзімді даму басымдықтарын қажетті қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін фискалдық түсімдерді арттыру өте маңызды», – дейді банк мамандары.
Қазақстан экономикасына қатысты бұған дейін басқа халықаралық ұйымдар да жариялаған. Халықаралық валюта қоры 2025 және Қазақстан экономикасының өсімі 5,5%-ға дейін барады деп болжаған еді.