Жаңалықтар

2025 жылы алтын сатып алу тиімді бола ма?

Алтын тағы қымбаттайды
Алтын бағасы 2025 жылы да қымбаттайды / Фото: shutterstock

2024 жыл алтынға инвестиция жасағандарды қуантқан жыл болды. Өйткені кейінгі он жылда мұндай өсім болмаған. Қаңтар мен желтоқсан аралығында бұл қымбат металл бағасы долларға шаққанда 30 пайызға қымбаттаған. Бұл қарқын 2025 жылы жалғаса ма? Аналитиктер қандай болжам жасап отыр? Осы туралы айтайық.

2025 жылы алтын бағасы өсе ме?

Эксперттер мен нарық қатысушыларының болжамына қарасақ, алтын бағасы биыл да былтырғы қарқынды сақтап, өсе беруі мүмкін. Goldman Sachs бен Bank of America банкирлері бір унция бағасы 3 мың доллардан асып жығылуы мүмкін деп отыр. Ал алтынға қатысты Дүниежүзілік кеңес болса, қымбат металл бағасы өскенімен, дәл 2024 жылдағыдай қарқын болмайды деген болжам жасаған. Жалпы алғанда сарапшылардың сөзіне сүйенсек, алтын бағасының динамикасы АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатына, Таяу Шығыс пен Украиндағы ахуалға және дамушы елдердің Орталық банктерінің әрекеттеріне байланысты болады дейді.

Былтыр жыл аяқталар тұста Bank of America (BofA) алтын бағасы 2025 жылы қалай болуы мүмкін екеніне болжам жасаған еді. BofA аналитиктерінің ойынша, бір унция 3 мың доллар тұратын күнге таяп келеміз. Бірақ инвесторларға темірдей төзім керек екен. Өйткені бұл шамаға жеткенше кемінде жарты жылдай уақыт қажет деседі. BofA-ның металдар нарығына қатысты болжам жасайтын бас сарапшысы Майкл Видмердің сөзіне сүйенсек, «әзірге инвесторларды жаппай нарыққа оралуға итермелейтін анық бір факторларды атап өту қиын». Банк экономистері жыл басында алтын бағасы аса өспеуі мүмкін. Себебі Қытай тарапынан сұраныс соншалықты көп емес. Ал батыстық инвесторлардың назарына алтыннан гөрі мөлшерлемесі жоғары облигациялар мен күн санап қымбаттап жатқан долларда болып тұр. «Әрі қазіргі уақытта Дональд Трампның әкімшілігі саясатты экономикалық өсім қарқынын күшейтуге бұрып, инфляцияны жеделетіп жіберуі мүмкін. Осылайша доллар курсы күшейеді. Осылай жалғаса берсе, онда инвесторлар алтын алуға онша қызықпай қалуы мүмкін» дейді BofA аналитиктері. Одан қала берді макроэкономикалық ахуал да қазір түсініксіз. Бюджет және салық саласындағы жағдай да бұлыңғыр болып тұр. Шетелдік Орталық банктерде Американың мемлекеттік облигациялары айтарлықтай көп. Десе де, бюджет және салық саласындағы ахуалға байланысты олар қоржынындағы алтын валютасын әртараптандырып, жаңадан алтын алуы әбден мүмкін.     

Bank of America сарапшыларының пікірі

Олардың айтуынша, жылдың бірінші жартысында нарық та, инвесторлар да Федералды резерв жүйесінің жаңа монеталық саясатына бейімделумен болады. Бұл да алтынға сұранысқа әсер етеді. Оған қоса, шетелдік орталық банктер баға динамикасын сақтап, әлі де алтын ала беретін болады. Майкл Видмердің айтуынша, АҚШ-тың қарыз тапшылығы өсіп жатқандықтан қауіп-қатерге қандай да бір баға беру қиын. Егер бизнесіңізге актив бағасын сақтап қалу маңызды болса, онда диверсификация жасап алғаныңыз жөн. Жалпы алғанда банктерде салуға алтыннан басқа актив түрі ондай көп те емес. Унция бағасы 3 мың доллардан асуы мүмкін деген болжамның ішінде оған себеп ретінде дамушы елдердің орталық банктерінің көптеп алтын алып жатқаны айтылады.

Алтынға қатысты дүниежүзілік кеңестің жариялаған деректеріне қарасақ, бүкіл әлемнің орталық банктері былтыр қазанда жалпы алғанда 60 тонна алтын алған екен. Бұл — 2024 жылдағы рекорд көрсеткіш. Қымбат металл сатып алуға дамушы елдердің орталық банктері белсенді кіріскенін байқап отырмыз. Соның ішінде Үндістан көптеп алған. Үндістанның орталық банкі қазанда 27 тонна алтын алған. Былтыр алған жалпы көлем 77 тоннаға жеткен. Одан кейінгі орында Түркияға орталық банкі тұрса (қазанда 17 тонна алған), үшінші орынға Польшаның орталық банкі (қазанда — 8 тонна) жайғасқан. Осылайша тек қазан айындағы көрсеткішке қарасақ, осы үш елдің орталық банкі бүкіләлемдік ОБ тарапынан алынған көлемнің 60 пайызын иеленген.

Алтын бағасының өсуіне не әсер етеді?

Негізі алтын саудасы пайыз мөлшерлемесінің деңгейіне тікелей байланысты. Өйткені алтын — пайызбен өлшенетін кепілді табыс әкелмейтін актив. Егер пайыз мөлшерлемесі жоғары болса, онда алтын алғысы келетіндер азаяды. Ал енді мөлшерлеме түссе, онда алушылардың қызығушылығы артады. Осы заңдылыққа сүйене отырып, орталық банктер 2022 жылдан бері алтын алып қойып жатыр. Goldman Sachs жасаған есепке қарасақ, 100 тонна алтын алынса, бағасы кем дегенде 2,4 есе өседі екен. Дамушы елдердің жаппай алтын алғысы келіп жатқанының да логикасы бар. Өйткені сол арқылы олар дамыған елдердің орталық банктерін қуып жеткісі келетін.

Дамыған елдердің орталық банктері қорына көп көлемде алтын алып, ұстап отырады. Айталық, АҚШ, Франция, Германия мен Италияның алтынмен ұстайтын валюталық резерві шамамен 70 пайыз екен. Ал дамушы елдердегі орталық банктерде АВР сәл азырақ. Мәселен Қытайда бүкіл алтын резервінің 5 пайызы ғана бар дегендей. Сондықтан аналитиктер дамушы елдердің орталық банктері алдағы уақытта алтын алуды жалғастырады деген болжам жасап отыр. Ол дегеніміз — бұл активтің бағасы өсіретін фактор.  

Бұрынғы болжамдар расталды ма?

«Унция бағасы 3 мың доллардан асуы мүмкін» деген болжамды Saxo Bank 2022 жылы жасаған еді. Бірақ ол кезде бұған ешкім онша сене қоймады. Былтыр ол шамаға жетпесе де, биыл сәл жақындауы мүмкін. Ол болжамды әлемнің ірі банктері де растап отыр. Дүниежүзілік кеңес 2025 жылға жасаған болжамының ішінде баға динамикасын пайыз мөлшерлемелерімен ғана емес, орталық банктердің сатып алуына да байланыстырған. WGC сарапшылары алтын бағасының геосаяси тұрақсыздық пен АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың ұстанатын саясатына байланысты болады деп отыр. «Көпшілікке Трамптың екінші рет билікке келген соң жасайтын әрекеттері қызық болады. Жұрт оның экономикаға әсеріне алаңдайды. Тәуекелдерге байланысты ажиотаж туындаған кезді кей инвесторлар пайдасына жаратуы мүмкін. Бірақ саудаға талас, инфляциялық қысым экономиканың өсуіне әсер етуі ғажап емес» дейді WGC экономистері. 

2024 жылы алтын бағасы 30 пайызға қымбаттады

Дүниежүзілік алтын кеңесінің пікірінше, осындай қатты қарқынмен өскеннен кейін біраз уақыт тыншып қалуға тиіс. Себебі көпшілік Трамптың саясатын бағып, қалай болар екен деп отыр. Нарық қатысушылары мен инвесторлардың жіті назары Қытайға да ауып тұр. Бұған дейін алтын бағасына Қытайдың Орталық банкі ғана емес, жергілікті инвесторлар да қолдау білдіріп келді. Оған қоса жергілікті тұтынушылар тысқары қалуды жөн көретін. Дегенмен алдағы уақытта бұл баланс Қытай билігінің стимуляциялық шаралары мен сыртқы сауда қатынасына тікелей байланысты өзгеріп отырады.