Сенімді инвестициялық құрал: жыл басында алтын бағасы тағы қымбаттады
2025 жыл басталғалы алтын бағасы тағы қымбаттады. Қаңтардың алғашқы он күнінде инвестқұралдың құны 2,13%-ға өскен.
Crescat сарапшыларының пікірінше, геосаяси тәуекелдер мен Трамптың экономикалық бағдарламасының жүзеге асырылуындағы белгісіздікке байланысты алтын негізгі қорғаныс активі және инфляциядан сақтау құралы болып қалады.
АҚШ қазыншылық облигацияларының кірістілігі артып, доллар нығайса да, алтын өз позициясын жоғалтпады. Орталық банктерден бастап, жеке инвесторларға дейін алтынды «ең сенімді» құрал деп таниды. Сондықтан алтынға инвестиция салғандардың қатары артып келеді.
Ал алтынға сұраныс артқан сайын, бағасы да қымбаттап барады Мәселен, 2024 жылы алтын бағасы үштен бір есе көтерілген. Бұл оны ең табысты биржалық тауарлардың біріне айналдырды. Жыл бойы алтын құны бірнеше рет рекорд жаңартты.
Дегенмен Goldman Sachs инвестициялық банкі алтын бағасына қатысты болжамын төмендетті. Goldman Sachs алтынның трой унциясы 2026 жылдың ортасында 3 мың долларға жетеді деп болжап отыр. Бұл бұған дейін 2025 жылдың соңына дейін жасалған болжамнан өзгеше. Банк мұның себебін ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендету қарқынын баяулатуымен байланыстырды.