Жаңалықтар

Сенатор Лукин елдегі төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесіне жаппай аудит жүргізуді талап етті

Сенатор төтенше жағдайлар туралы ескерту жұмысының деңгейі өте төмен екенін айтты / Коллаж: kursiv.media архиві  

Қазақстанда төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесінің дайындығы төмен деңгейде.  Сондай-ақ осы саладағы ұйымдастыру жұмыстары да нашар. Осындай мәлімдеме жасаған сенатор Андрей Лукин Төтенше жағдайлар жүйесінің жай-күйіне аудит жүргізуді талап етті.

Сенатор ескерту жүйесі, әсіресе, табиғи апат қаупі жоғары өңірлерде үнемі сақадай сай болуы тиіс деп санайды.

«Алайда қазіргі таңда бұл салада тиісті мекемеде бақылаудың әлсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың жұмысына салғырт көзқарас, қаржының тиімсіз жұмсалуы байқалады. Бұл жағдай халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер етіп, жедел шешім қабылдауды қажет етеді», – деп атап өтті сенатор.

Андрей Лукин әкімдіктер мен ТЖД арасындағы жұмысты үйлестіру деңгейінің төмен болуы мәселенің негізі себептерінің бірі екенін айтады. Мәселен, Түркістан облысында 2022 жылы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия бар-жоғы бір ғана отырыс өткізген. Ал жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі жүзеге аспаған. Мұндай жағдай өзге өңірлерде де кездеседі.

Сенатор осы мәселелерді шешу үшін төтенше жағдайлар туралы ескерту жүйесінің жай-күйіне кешенді аудит жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ ескерту жүйелерін басқаруды орталықтандыру мүмкіндігін қарастырып, оларды төтенше жағдайлар департаменттерінің балансына беру қажеттігін айтты.

«Еліміздің барлық өңіріндегі ескерту жүйелерінің жағдайын бақылау үшін бірыңғай цифрлық платформа құру керек. Бұған қоса, қаржылық заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолданыстағы келісімшарттар мен мәмілелерге аудит жүргізу қажет. Ұсынылған шараларды жүзеге асыру халықтың қорғалуын күшейтіп, азаматтық қорғаныс органдарының жұмысын тиімдірек етеді», – деп атап өтті сенатор.

Осыған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев мегаполис тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы ескерту жариялауға арналған технологияға 475 млн теңге бөлінгенін айтты. Әкімнің сөзінше, қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде хабардар етуге 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясы пайдаланылады.