Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз үкімет сағатында Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймалары 97-100%-ға дейін толып тұрғанын мәлім етті.
Болат Бекнияз бұл көлем аталған су қоймаларының ерекшелігі екенін айтып, судың ернеуінен асуы қауіп төндірмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, артық су қоймалардан автоматты түрде қақпалардың жиегі арқылы ағызылып отырады.
«Су қоймаларының жоғары деңгейде толуы 2024 жылғы қарқынды өткен су тасқындарымен және жер асты суларының деңгейінің көтерілуімен байланысты, бұл су қоймаларына келетін судың ағынын арттырды. Су басу қаупін азайту үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі Есіл өзенінің су өткізу қабілетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде, сондай-ақ қорғаныс бөгеттерін нығайтуда» деді ол.
Жиында Сергеевтегі су көлемі қазіргі кезде 2 сантиметрге асып тұрғаны, алдағы уақытта тағы көтеріле түсуі мүмкін екені айтылды. Вице-министрі соған қарамастан, су тасқыны болмайтынына сенімді.
Былтыр Сергеев су қоймасы 180%-ға толып, тасқын болған. Ондағы судың ернеуінен асып төгілуі 415 сантиметрге дейін жеткен.
Бұған дейін, Болат Бекнияз «Tasqyn» болжау жүйесінің көмегімен су басу қаупін 7 күн бұрын 85% дәлдікпен анықтай алатынын мәлімдеген.