Жаңалықтар

«БРИКС елдері өз валютасын шығарса, АҚШ саудасымен қош айтысады» – Трамп

БРИКС елдері
Трамп БРИКС елдеріне ескерту жасады/ Фото: shutterstock

АҚШ Президенті Дональд Трамп доллардан бас тартамыз деген БРИКС елдеріне ескерту жасады. Егер олар өз валютасын шығаратын болса, Америкаға кіргізетін тауарларға 100%-дық тариф салынуы мүмкін. Бұл туралы ол Truth Social атты әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Біз олардан, мүмкін дұшпан елдерден, БРИКС-тің жаңа валютасын шығармауды және АҚШ-тың қуатты долларын ауыстыратын басқа валютаны қолдамауды талап етеміз. Онда 100 пайыздық тарифтермен бетпе-бет келіп, АҚШ-тың тамаша экономикасымен қош айтысуына тура келеді», – деп жазды ол парақшасында.

Трамптың сөзінше, «БРИКСтің халықаралық саудада долларды ауыстыратындай ешқандай мүмкіндігі жоқ». Оны жасауға тырысатын кез келген ел «тарифтерді қабылдап, Америкамен қош айтысуға» дайын болуы керек.

Өткен жылы жазда Ресей БРИКС елдерінің орталық банктерімен бірге BRICS Bridge атты платформа дайындап жатқаны жайлы хабарлаған еді. Ол жерде БРИКС елдері өзінің ұлттық валютасымен есеп айырыса алады. Сондай-ақ ұйым елдері арасындағы ортақ валюта мәселесі де көтерілген. Ресейдің қаржы министрлігі бұл платформа санкцияларды айналып, өзара төлем жасау үшін қажет деп түсіндірген.

БРИКС – экономикалық қуатты елдерден тұратын халықаралық ұйым. Оның қатарына Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай, Египет және Иран сияқты елдер кіреді. БРИКС қатарына кіретін мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) әлемдік ЖІӨ-нің 30%-ын құрайды.

Осы жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан да БРИКС-тің ресми серіктесі болды. Яғни ресми түрде ұйымның мүшесі болмаса да, оның саммиттеріне, кездесулеріне шақырылады.