Танымал продюсер Баян Алагөзова негізін қалаған «Мақсат» қоры ақтөбелік заңгер Анжелика Григорьеваның үстінен сотқа талап-арыз түсіруп, жеңіп шықты.
Сот кабинетінің мәліметінше, жауапкер 1 сәуірден бастап «Мақсат» қорында заңгер болып жұмыс істеген. Ол құпиялылық ережесін сақтай отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тегін заңгерлік көмек беруі тиіс болған.
Заңгердің көрсеткен қызметінің ақысын қордың өзі төлеп отырған. Алайда, Григорьева орталықта орналасқандардан ақша алып отырған. Сот барысында бұл жайт дәлелденді. Мамыр мен тамыз айының аралығында ол жәбірленушілерден 1 млн теңге көлемінде ақы алуы мүмкін.
Бұл жайт анықталған сәтте заңгер алған ақшасын қайтарып беруге уәде беріп, қолжазба қалдырған. Бірақ ол кейіннен қолжазбаны қысыммен жазғанын айтқан.
Сот барысында заңгер сөзін дәлелдей алмады. Есесіне жәбірленушілер аударған ақшаларын нақты көрсетіп берген.
Енді Анжелика Григорьева Азаматтық істер бойынша Ақтөбе қалалық сотының шешімімен Алагөзованың қорына 1 млн теңгені қайтаруға міндеттелді.