Жаңаөзенде 100 бүлдіршін балабақша тамағынан уланды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазіргі уақытта балабақшада тексеру жүріп жатыр / Коллаж: kursiv.media архиві

Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылында мектепке дейінгі мекеменің тәрбиеленушілері жаппай уланды. Lada.kz басылымының мәліметінше, жалпы саны 100 бүлдіршін балабақшада тамақтан уланған. Олардың кейбірі ауруханаға жүгінген.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жартылай растаған. Ведомствоның мәліметінше, медициналық мекемеге бар болғаны 37 өтініш келіп түскен.

«31.01.2025 ж. сағат 20:13-те Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылынан жедел жәрдем қызметіне іштің ауыруына шағымданған тұрғындардан шақыру түсті. Барлығын жедел жәрдем бригадасымен қарап тексерді. Тексерілген 37 адамның төртеуі (1 ересек, 3 бала) ауруханаға жатқызылды. Қалғандары амбулаторлық ем алу үшін үйлеріне жіберілді», – деп хабарлады басқарма

Қазіргі уақытта балабақша жабылып, құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр.

Маңғыстау облысында улану фактісі осыған дейін де бірнеше рет қайталанған болатын. Мәселен, облыстың Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте асхана тамағынан 460 уланған еді. Уланған мектеп оқушыларының ата-аналары балалардың тамақ сапасына қатысты бұған дейін де шағым түсіріп келгенін айтты.

Былтыр қыркүйек айында Маңғыстау облысында 140-тан астам оқушы уланып, екі бала жансақтау бөліміне түскені жайлы ақпарат тарады. 21 оқушының жүрегі айнып, іші ауырғанына шағымданған.

Сондай-ақ оқыңыз