Қазақстандық киноиндустрия саласында кассалық табыс бойынша көшбасшы өзгерді. Бұған дейін жақсы табысқа жеткен «Мәди in China» фильмі екінші орынға ығысып, бірінші орынға Гүлнұр Мамасарипованың «Кәрі қыз» картинасы көтерілді.
«Кәрі қыз» – 115 202 233 теңге
«Кәрі қыз» – қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерген картина көрермендердің қызығушылығын оятып, үлкен кассалық табысқа жетті. Басты кейіпкер Бибігүл – 35 жастағы қалада тұратын бойдақ қыз. Ауылдан қалаға оқуға келіп, карьера жолында жүріп, жеке өмірін кейінге қалдырады. 17 жасында өзінің алғашқы махаббаты Нұрмұратқа сезімін білдіргенде, жігіт оны достарының алдында мазақ етіп, жүрегін жаралайды. Сол күннен бастап Бибігүл махаббатқа сенуден қалады. Фильм қазіргі қазақ қоғамындағы бойдақ қыздардың мәселесін көтеріп, олардың ішкі сезімін көрсетуімен ерекшеленеді.
«Мәди in China» – 98 047 365 теңге
«Мәди in China» – шекара сыртындағы қандастар өмірі туралы ойландыратын Рамазан Амантайдың комедиясы ерекше сюжетімен көрермендерді баурап, осы уақытқа дейін 98 млн теңгеден астам табыс тапты. Фильм Қытайдан Қазақстанға келген жас ғалым Мәди туралы баяндайды. Мәди ғылыми байқауға қатысуды мақсат етеді, бірақ жергілікті студенттер оған кедергі жасайды. Сонымен қатар Мәди әкесінің жоғалған туысын іздеу барысында оның бұрынғы қылмыскер екенін анықтап, күрделі моральдық таңдаудың алдында қалады. Фильм туған жер, отбасы және адамның өзін-өзі табуы секілді маңызды тақырыптарды қозғайды.
«Арлан» – 60 370 440 теңге
Даулет Жұмабаевтың «Арлан» фильмі бокс әлеміндегі тартысты оқиғаға негізделген. Бас кейіпкер – жас боксшы Арлан (Еркебұлан Тоқтар), Олимпиада чемпионы болуды армандайды. Бірақ отбасындағы қиындықтар оның кәсіби спорттағы мансабына кедергі келтіреді. Бауырын асырау үшін ақшалай сыйлығы жақсы қарапайым жарыстарға қатысуға мәжбүр болады. Оның басты қарсыласы – мықты файтер Никита Адай (Никита Кологривый). Бұл фильм спорт пен отбасылық міндеттер арасында таңдау жасауға мәжбүр болған жас жігіттің тағдыры туралы баяндайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық кино орталығы 2025 жылы 10 жаңа қазақстандық фильм прокатқа шығатыны туралы хабарлаған еді.