Қазақстанда мерзімінен бұрын сайлау қалай өткізіледі?

Елімізде мерзімінен бұрын сайлау өткізу тәртібі бар. Ол 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңмен реттеледі. Бұл заңға сәйкес, тек қана президент парламент немесе парламент мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Парламент сайлауы
Парламент өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, бұл кезектен тыс сайлау өткізуге негіз болады. Өкілеттілік тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде сайлау өтетін күн белгіленеді.
Президенттің Парламентті тарату туралы жарлығы қолданысқа енген күннен бастап, сайлау өткізу мерзімі басталады. Ол екі айға созылады.
Сонымен қатар депутаттың өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылса, мандатынан айырылса немесе қайтыс болған жағдайда депутаттарды сайлау қайта тағайындалады.
Депутаттарды сайлау мәжіліс депутаттарының өкілеттілігі бітуінен кемінде бес ай бұрын тағайындалып, екі айдан кешіктірілмей өткізілуі қажет.
Парламент депутаттығына партиялық тізім және бірмандатты округтер бойынша сайлана алады.
Бірмандатты округ бойынша, партиялардың жоғары органының шешімі мен үміткердің келісімі Орталық сайлау комиссиясына жіберілуі тиіс.
Президент сайлауы
Ал президенттің кезекті сайлауы жеті жылда бір рет өткізіледі. Тиісті жылғы желтоқсанның бірінші жексенбісінде белгіленуі керек. Бұл жерде тек қана бір ескертпе бар. Ол тек қана парламентінің жаңа құрамын сайлауымен тұспа-тұс келмеуі шарт.
Сайлау туралы заңда президенттің кезектен тыс өтетін сайлауының тәртібі де көрсетілген. Айталық, президенттің кезектен тыс сайлауын да президенттің өзі белгілейді. Тағайындалған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі. Кезектен тыс сайлаудан кейін президенттің кезекті сайлауы жеті жыл өткен соң, заңда белгіленген мерзімде жарияланады.
Саяси дәстүр
Бір қызығы, елімізде кезектен тыс сайлау өткізу саяси дәстүрге айналды. Айталық, тәуелсіздік алғалы бері 7 президент сайлауы өткен. 1995 жылы Президент Назарбаевтың өкілеттілігін ұзартуға қатысты референдумды қоса алғанда, 1999, 2005, 2011, 2015, 2019 және 2022 жылдары президент сайлауы өткен. 2005 жылы өткен өткен сайлау бастапқыда 2006 жылға жоспарланғанымен, «құқықтық қайшылықты» ескеріп, 2005 жылға көшірілген еді.
Демек, елімізде бірде-бір президент сайлауы мерзімінде өтпеген.
Парламент сайлауы туралы да осылай деуге болады. Тек қана тарихта бірінші рет 2021 жылы парламент сайлауы өз уақытында өтті. Бұл тәуелсіз Қазақстандағы сегізінші парламент сайлауы еді. Соңғы Парламент сайлауы да Қаңтар оқиғасынан кейін, 2023 жылы 19 наурыз айында кезектен тыс өтті.
Мұның алдында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге еш негіз жоқ екенін айтқан болатын.