Енді микроқаржы ұйымдары борышкерге күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Енді микроқаржы ұйымдары борышкерге күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шағын несие беру тәртібі туралы қаулы өзгергенін хабарлады. Құжат биыл 22 қаңтарда қабылданған.

Агенттік мәліметінше, қаулы микроқаржы ұйымдары қызметкерлерінің борышкерлермен жұмыс істеу тәртібін белгілеу мақсатында қабылданды. Енді осындай қаржы ұйымдарының қызметкерлері берешегі барларға күніне бір реттен артық қоңырау шала алмайды.

«Мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылармен жұмыс істеу барысында телефон арқылы, оның ішінде ұйымның бастамасы бойынша интернет желісінде, жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін бір реттен артық қоңырау шалмайды«, – деп хабарлады агенттік.

Қаулыда қарыз алушымен жұмыс істеу кезінде оған берілетін ақпарат бойынша талаптар белгіленді. Атап айтқанда, кредитор мыналарды:

  • ұйымның атауын;
  • ұйым орналасқан жерді;
  • тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), лауазымын;
  • шартта көзделген берешектің, негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және қазіргі сомалары қалдығын;
  • қарыз алушының шартта, «Микроқаржылық қызмет туралы» заңда көзделген жауапкершілігі мен өзге де міндеттемелерін айтуы тиіс.

Бұған қоса қаулыда қандай жосықсыз әрекеттерге баруға болмайтыны атап көрсетілген:

  • борышкерге және оның өкіліне, үшінші бір тұлғаға ұйым қызметкерінің жалған аты-жөнін, сонымен бірге орналасқан жері мен лауазымы туралы жалған мәліметтерді  хабарлау;
  • борышкер мен оның өкілін, шарт аясында ұйым алдындағы міндеттемеге байланысы бар үшінші тұлғаны берешек мөлшері, сипаты және туындау негізіне қатысты жаңылыстыру;
  • борышкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату, сонымен бірге мүлкіне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария ету;
  • мерзімі өткен берешекті реттеу және өтеу үшін қарыз алушының орналасқан жері мен байланыс деректері белгіленген жағдайларды қоспағанда, шарт аясында ұйым алдындағы міндеттемеге байланысы бар үшінші тұлғамен жұмыс істеуге тыйым салынады.

Қаулы 2025 жылғы 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

Құжатта борышкер құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және жетілдіруді көздейтін тағы бірқатар тәртіп белгіленген. Олар:

  • борышкер шағын несие беру туралы шарт талаптарына өзгеріс енгізу туралы өтініш берген уақытта микроқаржы ұйымына жүгіну мүмкіндігі;
  • микроқаржы ұйымымен шағын несие беру талаптарын өзгерту туралы өзара қолайлы шешім болмаған жағдайда, борышкердің микроқаржы омбудсменіне жүгінуі;
  • ұйымның борышкерді берешекті реттеу үшін жүгіну құқығы туралы хабардар ету мерзімі 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылды.

Қаулының толық мәтінімен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз