Ferrari алғашқы электромобилін қашан таныстырады

Жарияланды 5 Ақпан 2025 14:56

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Ferrari алғашқы электромобилін қашан таныстырады/Фото: Unsplash/Brandon Atchison

Ferrari спорткарларына сұраныс күрт артқан. Бұл туралы зауыттың қаржылық есебін таныстырған компанияның бас директоры Бенедетто Вигна мәлімдеді.

2024 жылы итальялық автоөндірушінің операциялық кірісі 16,7% өсіп, 1,9 млрд еуроға жеткен. Биылғы жылы компания алғашқы электромобилінің тұсауын кеспек. Соның арқасында 2025 жылы автоконцерннің қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай өседі деген болжам бар.

Алғашқы электромобиль қандай болады?

Спорттық электрокардың таныстырылымы биылғы жылдың 9 қазанына жоспарланған. Жаңа модель бренд 2025 жылға жоспарлаған алты премьераның бірі болмақ. Бенедетто Вигна осылайша компания бірінші рет дәстүрді бұзатынын атап өтті. Бірақ спикер модель туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруден бас тартты, тек оның «бірегей және жаңашыл түрде» ұсынылатынын атап өтті.

Сонымен қатар ол Трамп әкімшілігінің АҚШ-тағы салық саясаты немесе сауда соғысы қаупі Ferrari-ге әсер етпейтінін жеткізді.

Статистика және жоспар

Италияның Маранелло қаласында орналасқан компанияның бір жылдағы таза пайдасы 1,53 млрд еуроны құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 21%-ға жоғары.

«Менің ойымша, бұл біздің 2024 жылғы үлгілерге және әр адамға жеке жасалатын автоларға сұраныстың артуы арқасында қол жеткізген қаржылық нәтижелер», – деді компания бас директоры Бенедетто Вигна.

Топ-менеджер алдағы жылға жасалған болжамдар да оң екенін атап өтті. Осылайша, жоспарларға сәйкес, 2025 жылы алпауыт компанияның таза кіріс 2024 жылмен салыстырғанда 5%-ға өсіп, 7 млрд еуроға жетуі мүмкін.

Өткен жылы бренд 13 752 суперкар сатты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға артық. Ең сұранысқа ие модельдер Purosangue, Roma Spider және 296 GTS болды.

Гибридтерге сұраныс артты

2024 жылы сатылымға SF90 XX және 12Cilindri көліктерінің сатылымы басталды. Ал 812 Competizione A жеткізілімі төмендеді. Сондай-ақ өткен жылы Portofino M, SF90 Stradale, 812 GTS, 812 Competizione және Roma өндірісі аяқталды. Шығарылған суперкарлардың 51%-ы гибридті  қозғалтқышпен жабдықталған. Дәстүрлі қозғалтқышпен жабдықталған көліктер 49%-ды құрады.

Айта кетейік, өндіруші 2019 жылдан бастап өзінің ауқатты тұтынушыларына гибрид модельдерді ұсына бастады.

Осы ақпараттардан кейін компанияның акциялары Милан қор биржасында 7,6%, кейін тіпті 8%-ға өсті. Бұл кейінгі екі айдағы ең жоғары көрсеткіш.

Сондай-ақ оқыңыз