Қайтарылған активтерді басқару компаниясы Назарбаевтар әулеті шыққан Шамалған ауылы маңындағы 142 гектар жерді екінші рет аукционға шығарды. KursivMedia редакциясы Шамалған ауылы, Үш-Қоңыр резиденциясы маңында орналасқан бұл жер телімі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауыры марқұм Болат Назарбаевқа қатысы бар екенін анықтады.
Жер телімі туралы
Жер телімі 2025 жылдың 5 ақпанында сағат 10:00-де аукционға шықты. Лоттың бастапқы бағасы 127,8 млн теңге көлемінде бағаланған.
«Жер телімі «Үш-Қоңыр» резиденциясына барар жолда күзет бекетінің артында, Іле-Алатау ұлттық паркінің ерекше қорғалатын аймағымен шекаралас. Шамалған ауылынан 16 шақырым жерде орналасқан. Учаскеге кіру және шығу жолдары ыңғайлы орналасқан. Кірме жолдарға асфальт төселіп, жол жүргізілген. Жер бедері де тегіс, ойлы-қырлы емес, жол талғамайтын көлікпен кез келген жеріне жетуге болады», – делінген сайттағы жарияланған сипаттамада.
Жерге кімдер иелік еткен?
Ресми мәлімет бойынша, 2016-2020 жылдар аралығында жер учаскесі Жанар Алдаш пен Ерік Сейітов есімді азаматтарға тиесілі болған. 2020 жылдың желтоқсан айында олар жер телімін «Steppe AgroMeat» ЖШС-не сатып жіберген. 4 жыл өткен соң, компания жер учаскесін Қайтарылған активтерді басқару компаниясының иелігіне өткізген.
«Steppe AgroMeat» ЖШС құрылтайшыларының қатарында жер телімі мемлекетке қайтарылғанға дейін Нұрбол Назарбаев болған. Нұрбол – Болат Назарбаевтың үлкен ұлы.
Нұрбол Назарбаев 2022 жылдан бастап Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің тізімінде тұр. 2024 жылғы Forbes Kazakhstan журналының есебіне сәйкес, оның байлығы 170 миллион долларды құрайды.
Сонымен бірге, Steppe AgroMeat компаниясының құрылтайшыларының қатарында Болат Назарбаев та болған. Құрылтайшылар қатарын 2023 жылы дүниеден озуына байланысты шығарылған.
Назарбаевтар әулеті иеленіп келген бұл жер телімі осыдан екі ай бұрын, 2024 жылдың 6 желтоқсанында аукционға шығарылған. Бірақ аукцион басталғанға дейін бірде-бір қатысушы тіркелмегені себепті сауда-саттық өткізілмей қалған.
Әнге айналған Үшқоңыр
Айта кетсек, Болат пен Нұрсұлтан Назарбаев Шамалған тумалары. Экс-президент тіпті туған ауылына арнап ән де шығарған. 2001 жылы шыққан «Үшқоңыр» әнін «МузАрт» тобы орындайды. 2019 жылы Назарбаевтың баспасөз хатшысы тұңғыш президенттің тауларды аралап жүріп, әнін шырқаған видеосын жариялады. Кадрда оның немерелерімен жүргенін көруге болады.
Еске сала кетсек, осыған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Болат Назарбаев қызметке қойған әкімнің Алматы облысындағы жерлерді заңсыз Назарбаевтар әулетінің жекеменшігіне бергенін айтқан.
Сонымен бірге, KursivMedia редакциясы Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаеваның бизнесі туралы да зерттеу жариялаған.