Nissan директорлар кеңесі Honda-мен бірігу жөніндегі келіссөзді үзеді – Reuters

Жарияланды 5 Ақпан 2025 19:37

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Nissan мен Honda бірікпейтін болды / фото: REUTERS/Kim Kyung-Hoon

Reuters дереккөзінің хабарлауынша, Nissan директорлар кеңесі сәрсенбі, 5 ақпан күні Honda-мен бірігу жөніндегі келіссөздерді үзуге келісті.

Автонарықтағы өзгерістермен жақын таныс дереккөздің айтуынша, Nissan өзінің тікелей бәсекелесі Honda компаниясымен бір холдингке бірігу туралы келіссөздерді доғарады. Бұл екеуі біріксе, 60 млрд доллардың бірлескен холдингі әлемдегі ең ірі үш автогигант санатына көтерілер еді.

Осының алдында ғана екі дереккөз келіссөздер тығырыққа тірелгенін, оған Honda-ның Nissan-ды өзіне қосып алу туралы ұсынысы себеп болғанын айтқан.

Жығылғанға жұдырық

Бұл уақытта Nissan акциялары (.7201.1) Токио қаржы биржасында 4%-ға құлдырап, құнды қағаздар саудасын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған Nikkei Business Daily басылымының компания нарықтан шыққалы жатыр деп таратқан мәліметі әсер еткен.

Ал Honda болса акцияларын саудалауды жалғастырып, күнді 8 пайыздық өсіммен аяқтаған. Соған қарағанда, жағдайдың осылай өрбігені инвесторлардың көңілінен шыққан сыңайлы.

Қатты зардап шеккен Nissan терең дағдарысты сыртқы көмексіз еңсере алар-алмасы әзірге белгісіз. Оның үстіне компания өндіріс көлемін 20%-ға азайтып, 9 мың жұмыс орнын қысқартуы керек. Nissan компанияны қайта құру жоспарын жүзеге асырып жатыр.

Трамптың да қатысы бар

Жапонияда автомобиль өндірісінің көлемі жөнінен екінші орында тұрған Honda мен үшінші орындағы Nissan ортақ холдингке бірігетінін 2024 жылғы желтоқсанда жариялаған. Бұл екеуі осылайша бірінші орындағы Toyota-ға бәсекелес болып, Қытайдың BYD автокомпаниясы тарапынан жасалып жатқан қысымға төтеп бергісі келген.

Honda мен Nissan-ның өзара бірігу жөніндегі келіссөздері АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығына қатысты мәлімдемелерімен тұспа-тұс келді. Сарапшылардың айтуынша, Құрама Штаттардың Мексикаға қарсы тарифтерінен, Honda мен Toyota-ға қарағанда, Nissan көбірек зардап шеккен.

«Nissan-ның Honda-ға еншілес компания болғысы келмейтіні туралы жаңалық тарағанына қарағанда, жағдайды бақылауға мүмкіндік ала алмаған Honda келіссөздерден шықса керек», – деп есептейді CLSA брокерлік компаниясының жапон автонарығы жөніндегі сарапшысы Кристофер Рихтер.

Сондай-ақ оқыңыз