Назарбаев университеті 2024 жыл соңында америкалық NGF қорының үстінен сотқа шағым түсірген. Бұл туралы ұйымның KursivMedia сауалына берген жауабында жазылған. Сонымен қатар университет бұрынғы басшысы Шиего Катсуға да қарсы шағым әзірлеп жатыр.
«Іс АҚШ-та қаралатын болады. Қазіргі уақытта басқа мәліметтер жарияланбайды», – деп жауап берді НУ.
Назарбаев университеті шетелге заңсыз шығарылған қаржысын қайтаруды көздеп отырғаны былтыр жыл соңында жариялады.Университеттің мәлімдеуінше, НУ-ды Шиего Катсу басқарған 2011-2023 жылдары NGF қорының директорлар кеңесінен Қазақстан өкілдерін шығарып, Jusan Bank тобын өз бақылауына алуға тырысқан.
Нәтижесінде, университет пен Назарбаев Зияткерлік мектептерін (НЗМ) қаржыландыруға арналған миллиардтаған теңге қаражат әлі күнге дейін оқу орнына қайтарылмаған.
Jusan Bank акциялары Қазақстаған қайтарылғаннан кейін, бұл қаражат NU мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін (НЗМ) қаржыландыруға бағытталуы тиіс болған.
NGF және Jusan Bank байланысы
Бастапқыда Jusan Bank Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін ұзақ мерзімді қаржыландыруға тиіс еді. 2020 жылдың сәуіріне дейін банк Назарбаев Қорының бақылауында болды. Алайда, 2019 жылдың желтоқсанында құрылған NGF қоры Jusan Bank тобын бақылауға алды.
2023 жылдың басында Алматы прокуратурасы Jusan Bank-ті шетелдік юрисдикцияға беруді заңсыз деп тану туралы талап-арыз береді. Маусым айында сот процестері аяқталып, Jusan Bank пен оның еншілес ұйымдары Қазақстан меншігіне қайтарылды.
лайда банк Назарбаев Қорына емес, кәсіпкер Ғалымжан Есеновке берілді. Қазіргі таңда банк акцияларының 79,63%-ы First Heartland Securities компаниясы арқылы, ал 20,11%-ы тікелей Есеновтің меншігінде.
НУ сотқа не үшін жүгінді?
НУ басшылығы NGF қорының қаржыны тиімсіз басқарғанын және университет пен НЗМ-ге тиесілі ақшаны қайтармай отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты, университет АҚШ сотына талап-арыз түсіріп, NGF қорында қалған қаражатты қайтаруға әрекеттеніп жатыр.
Сот процестері АҚШ-та өтеді, алайда нақты мәліметтер жарияланбайды.