2024 жылы Қазақстанда 205 мыңнан аса жаңа автокөлік сатылған. Үздік үштікке Hyundai, Chevrolet және Kia кірді.
Алайда айта кететін жайт олардың үлесі жыл сайын төмендеп келеді. Мысалы, 2022 жылы жалпы үлесі – 62,7% болса, 2023 жылы – 59,4%, ал 2024 жылы – 47,9%-ды құрады. Олардың орнын Қытай брендтері баса бастады. 3 жыл бұрын ғана олардың үлесі 9,8% болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 39%-ға жетті.
Қазір Қытай автокөліктерінің әлемді жаулап аларына күмән жоқ. Баға, көліктің саналуан түрі, дилерлердің жарқыраған жарнамасы мен агрессивті маркетинг, сатып алуға ыңғайлы құралдарды көбірек ұсынудан кейін көпшіліктің амалы қалмағандай. Күдікпен қараса да соңғы кезде «Қытай автокөліктерінің қайсын таңдау керек» деген сұрақ пайда болған.
Kursiv.Media бұл сұраққа жауап іздеп, 2024 жылы Қазақстанда ең көп сұранысқа ие болған қытайлық автоларға шолу жасады.
Бұлардан бөлек Қазақстан нарығына жарнамасы жер жарып жеткен Zeekr, әлде жақында ғана ресми сатыла бастаған BYD көлігі тиімді ме? Қайсысын таңдау керек деген сұрақ та көпшілікті алаңдатады.
Zeekr: Қытай нарығынан тыс жерде бірінші қазақ нарығына шықты
Geely компаниясы 2021 жылы Zeekr брендімен премиум санаттағы электр көліктерін шығара бастады. Бастапқыда Tesla, NIO, тіпті еуропалық люкс маркалармен бәсекелес дегенімен, соңғы жылдары санатқа жататыны белгісіз.
Қазақстан нарығына Zeekr-тің өзінен бұрын жарнамасы жетті. Ковидтік шектеулерден кейін әрі әлемдік геосаяси жағдайлардың салдарынан әлемдік автошығарушылар жеткізуді сиретіп, қазақстандық автонарықта 2021 – 2022 жылдары көлік тапшылығы пайда болды.
Баға өсіп, мұның қызығын «сұр» дилерлер көрді. Кейін бұл тапшылық аяқталып, көлік жеткізу реттеле бастағанымен, көліктің түрлері сиреп қалды. Дәл осы кезде Қытайдан келген сарғыш түсті Zeekr-лер қазақстандықтарға бөгде планетадан келгендей көрінгені рас. Тіпті әуесқой автомобильшілер оны Toyota Camry-орнын басады деп үміттенді.
2023 жылдың тамыз айында Orbis Аuto дистрибьютор атанып, Zeekr Қытай нарығынан тыс жерде бірінші болып Қазақстанда ресми сатыла бастады. Бұған сүйеніп Zeekr -ді қазақ жеріне келген алғашқы қытайлық көлік десе болады. Бүгінгі күні Қазақстанда ресми түрде Zeekr 001, Zeekr Х, Zeekr 7Х сатып алуға болады. Бұдан бөлек сұр дилерлер де жеткізеді. Алайда соңғы кезде сатылымның екі түрінің де қарқыны басылғандай. Көпшілік Zeekr-ге таңқалудан қалған сияқты.
Сонымен Zeekr қандай көлік?
SEA (Sustainable Experience Architecture) платформасында жасалған, жылдам қуатталатын электромоторлармен жабдықталған Zeekr-дің дизайны стилді. Сыртқы келбеті заманауи әрі тартымды. Қазақстандық иелері жайлылық деңгейі жоғары деседі. Материалдары сапалы, мультимедиа және интеллектуалды көмекшілері өте заманауи. Динамикасы мықты – жүрісі жылдам, толық жетекті, қозғалтқыштары қуатты.
Жалпы көп көлікпен салыстырғанда Zeekr-ден мін табу қиын. Алайда мүлдем мінсіз деуге де болмайды. Zeekr ақ, қара, стандартты көлікке толы сүреңсіз нарықты жандандырып, басқа қытай көліктерімен бірге бағаны «түсірді».
Zeekr-дің кемшін тұстары
Бағасы жоғары. Тіпті басқа қытайлық бәсекелестерден де қымбат. Қазақстанда сұр дилерлер арқылы арзанға алуға болады. Бірақ 2024 жылы «сұр дилерлер арқылы сатылған Zeekr-лерді бұғаттап тастау мүмкін екен» деген қауесет тарады. Әрі Қазақстан емес, Қытай нарығына арнап шығарылғандықтан кепілдік жоқ. Ал ресми сатылатын бағасы қымбаттау. Мысалы, ресми дилерде Zeekr X-тің бағасы 14 990 000 теңгеден, Zeekr 001-дің бағасы 22 250 000 теңгеден басталады. Сайтта бұл акциялық баға екені жазылған. Бұған дейінгі баға жоғары болған еді. BYD ресми сатылымға шыққандықтан, бағасы түсіріліп сатыла бастаған сияқты.
Мұның алдына ресми сайтта Zeekr 7Х бағасы 19 000 000 теңгеден басталатыны туралы ақпарат болған. Соңғы уақытта алып тасталған сияқты. Дегенмен көрші елдермен салыстырғанда, Zeekr-дің бағасы өте арзан. Мысалы, 2024 жылы қазанда Әзірбайжан нарығына, 2024 жылғы ақпанда Беларусь, наурызда Өзбекстан нарығына шықты. Бұл елдердегі баға бізден қымбаттау. Бірақ таңдау көбірек. Мысалы, Беларусь пен Әзірбайжанда 001 мен Х-ке қоса Zeekr 009 сатылады. Ал Өзбекстанда жақында бұлардан бөлек Zeekr 7X сатыла бастады. Ал ресми дилер Қазақстанға 001 мен Х-тен басқа түрлерін әкелмей қойды.
Әлемдік автосарапшылар таңдаудың аз болуы Zeekr-дің кемшілігі деседі. Бұдан бөлек басқа қытай брендтері жылына ондаған түрін ұсынып жатқанда – Zeekr 001, 007, X, 009, MIX, 7X -пен шектелді. Оның үстіне бәрі электрокар. Қазір әлем электрокөліктер дәуіріне дейін гибридті мінуге көшті.
Тағы бір кемшілігі – сенімділігі туралы мәлімет әлі де аз. Брендтің шыққанына көп болмағандықтан, оның алдағы уақыттағы сапасы қандай болатыны әзірге белгісіз. Ресми дилердің маркетингі әлсіз, жарнамасы аз. Сонымен қатар Қытайдан тыс жерлерде сервис орталықтары тапшы. Мысалы, Қазақстандық клиенттер бұзылған жағдайда бөлшектерін айлап күтуге мәжбүр. Қосалқы бөлшек тапшы ғана емес, қымбат.
Жапон, кәріс көліктеріне қарағанда қытай көліктері арзан. Алайда бөлшектері қымбат. Zeekr ғана емес, жалпы Қытай көліктеріне тән тағы бір кемшілік – жиі жаңаруы. Мысалы, жапондық Toyota 5 жылда бір рет рестайлинг жасаса, қытай көліктері 3 айда немесе 1-2 жыл ішінде жаңара салады. Нәтижесінде жаңа көлігіңіз ескіріп бағасы арзандап шыға келеді. Жалпы Қытай көліктеріне деген сенімнің аздығынан, салоннан шығысымен құнын жоғалтып алады.
Қазақ нарығындағы белгісіздік
BYD (Build Your Dreams) тарихы 1995 жылдан басталады. Алғашында аккумулятор шығарған компания, 2003 жылы BYD Automobile атымен еншілес кәсіпорнын ашып, Toyota үлгісіндегі автокөліктерді шығара бастайды. 2023 жылы 2 999 494 көлік сатып, әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісіне айналды. Осылайша сатылым жағынан Tesla-ны да басып озды. Ал 2024 жылы сатылым көлемі 3 797 612 жетті. Қытайдың ішкі нарығында да ең көп сатылған бренд.
Биылғы жылдың 15 қаңтарынан бастап Қазақстанда ресми сатыла бастады. Жалпы 2023 жылдан бастап сатылады деген ақпарат болғанымен, 2 жылға кешігіп жетті. Бұған себеп – Еуропалық сапа сертификатын алуда екен. Оның талабы жоғары. Біздегі сатылатын көлік сапасы еуропалық стандартқа сай болады. Ал Өзбекстан (жақында Тәжікстанда ресми сатыла бастады) қытайлық сапа сертификатын алған. Қазір ресми дилерде Song Plus EV және OM-i, HAN-ды сатып алуға болады. Жалпы компанияның ақпаратына сүйенсек бұл көліктің 10 түрін сату көзделген.
Біздің елден бұрын ашылған Өзбекстанда 12 түрі және Тәжікстанда 4 түрі сатылады. Бір айта кетерлігі – BYD-дің қазақ нарығына енуі Zeekr-пен салыстырғанда жаңалық болмады. Қазақстандық автоәуесқойлар BYD бағаны түсіреді, таңдауды көбейтеді, дегенімен, таңданыс байқалмады. Ресми дилердің маркетингі мен жарнамасы аз, нарық әлі толық танып-білген жоқ. Сондықтан әлемді жаулаған, Tesla-ның бәсекелесі – BYD-дің қазақ нарығындағы жағдайы қалай болары әлі белгісіз.
BYD қандай көлік?
Ең бастысы қолжетімді. Арзан, ықшамды бюджеттік түрінен бастап, кроссовер, седандардың люкс санатты үлгілеріне дейін бар. Ұзақ жылдар бойы аккумулятор өндіруші болғандықтан, өзінің аккумулятор технологиясы бар. Олар шығаратын Blade Battery қауіпсіз және ұзақ қызмет ететін батареялардың бірі саналады. Дәл қазіргі кезде зауыт сипаттамасындағы қашықтыққа дейін жүрмейтіні және қашықтық көлемінің аз болуы электрокөліктердің басты кемшілігі. Алайда BYD көліктері әлемдегі ең ұзақ қашықтыққа жүре алатын көліктер қатарында. Энергия үнемдеу көрсеткіштері жақсы – көптеген BYD модельдері бір қуатталған соң, 1000 шақырымнан астам жүре алады.
Тағы бір ерекшелігі брендтің сату желісі үлкен. Бүгінде әлемдегі 70 мемлекеттің 400 қаласында сатылады. Көрші Өзбекстанда 2023 жылдың 23 қаңтарында зауыт тіркеліп, 2024 жылдың шілдесінде ресми жұмыс істей бастады. Сондықтан алдағы жылдары бөлшекті жақын жерден алу, бағасының арзан болуы сияқты мәселе шешілуі мүмкін. Бұдан бөлек BYD көліктері қазақ тілін қолдайды. Бағасына келсек, BYD Song Plus EV 15,7 млн теңгеден, BYD Song Plus DM-i 17,88 млн теңгеден, BYD Han EV (4WD 22,49 млн теңгеден басталады.
BYD-де кемшіліксіз емес
Әлемдік автошолуларды қарап отырып, BYD -дің дизайны әркімге ұнай бермейтінін көруге болады. Көп моделі стиль жағынан әлсіз көрінуі мүмкін. Бюджеттік модельдердегі материал сапасы орташа – кейбір арзан көліктердің ішкі әрлеуі премиум санатынан төмен. BYD көліктері үнемділікке бағытталған, сондықтан болар динамикасы орташа, спорттық сипаттамаларын Zeekr-мен салыстыруға келмейді. Әлсіздеу. «Арзан бренд» имиджі басым. Zeekr-ге қарағанда, BYD көбіне жаппай нарыққа арналған бренд ретінде қабылданады.
Бұдан бөлек Қытай көліктерінің бәріне тән ортақ кемшіліктер мұнда да бар. Бренд әлі жас әрі Қазақстанға жаңа келгендіктен, сенімділігі туралы мәлімет аз. Сервис орталықтары жоқ. Бұзылған BYD туралы ақпарат жоқ. Алайда бөлшектерін айлап күту, бөлшек қымбатшылығы мұнда да кездесуі ықтимал.
Zeekr әлде BYD
Қайсысын таңдау керек?
• Егер сізге премиум, технологиялық және спорттық электромобиль қажет болса – Zeekr сіз үшін жақсы нұсқа.
• Егер бағасы тиімді, үнемді және сенімді көлік іздесеңіз – BYD-ді таңдауды ұсынамыз.
• Егер Қазақстан немесе басқа елдер нарығы тұрғысынан қарастырсақ – BYD-дың сервисі жақсы дамыған, ал Zeekr әлі халықаралық ауқымын кеңейтіп жатыр.
Zeekr – Tesla-ның қытайлық баламасы ретінде премиум нарыққа бағытталған. BYD – қолжетімді баға мен технологияны үйлестірген жалпы нарық көшбасшысы. Бастысы екеуі де елімізде ресми сатылады және кейбір қытайлық брендтер сияқты жабылып қалу қаупі жоқ. Қытайда автозауыттар банкрот болмас үшін жылына 300 мың автокөлік сатуға тырысады. Zeekr де, BYD де бұл межеден әлдеқайда асып кеткен. Бірақ қытайлық автобрендтерге тән – болашақтың көліктері ме, әлде маркетингтік ойыншықтар ма, деген сауал әлі де әлемді алаңдатып отыр.