![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-79671.jpg)
Ақтөбе облысында вагондармен газ ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратура және ҰҚКД-мен бірлесіп, аталған өңірде кен орнының аумағынан «әлеуметтік» газ ұрлау схемасын ұйымдастырған бір топ адамды ұстаған.
Полиция мәліметінше, фигуранттар «әлеуметтік» газ өндіру саласындағы компаниялардың бірінің жұмысшылары екен. Олар есепке алынбаған газды жинақтап, кейін темір жол арқылы тасымалдаған.
«Кен орнынан сату орнына бара жатқан жолда ұрланған газ бар 12 вагон ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, нәтижелері бойынша келтірілген шығынның сомасы белгіленетін болады. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Бұған дейін, Түркістан облысында қазақ-өзбек шекарасында тунель қазып, заңсыз мұнай тасымалдаған қылмыстық топ ұсталған еді.