![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/evgenij-chebatkov-kazahstan-kazah-1024x576.png)
Қазақстандық әзілкеш Евгений Чебатков Мәскеуде жүріп, қырғыз такси жүргізушімен әңгімесінен кейін өзінің «нағыз қазақ» екенін түсінген.
Стендап-комик өзінің қазақтарға тән мінез-құлқын өзі бұрын аңғармай келгенін айтты. Мұны ол Instagram-да бейнежазба жариялап, оқиғаның мән-жайын баяндап берді.
Қырғыз нені түсінбеді?
Чебатков Мәскеуде бір қырғыз такси жүргізушісімен әңгімелесіп қалады. Ол қырғыз қазақтардың қызық мінез-құлықтары жайында сөз етеді.
«Біз әңгімелесіп кеттік. Ол менің қай жақтан екенімді сұрады. Қазақстаннан екенімді айттым. Ол: «Мен Қазақстанды жақсы көремін. Ол жақта менің достарым көп. Бірақ бір нәрсесін мүлде түсінбей қойдым. Қазақтар мақтануды ұнатады. Тіпті, автокөлік нөмірлерін де ерекше етіп алғысы келеді. Мұны мен түсінбеймін», – дейді қырғыз.
Мұнысы қазақтардың сандары бірдей әдемі нөмірлеріне қатты қызығып, шығын шығаруға әзірлігін меңзегені болса керек.
Чебатков сәл жымиып:
«Иә, бізде кейбір адамдар мұндайды ұнатады», – деп өзіне еш қатысы жоқ адам секілді жауап берген.
Сосын ол өзінің KIA маркалы көлігінің нөмірін көрсетеді. Ол нөмірде 555 деген сандар көрінеді.
«Құдайым-ау, қандай екіжүзді адам едім», – деп таңырқайды Чеботков.
Мұның алдында қазақстандықтардың VIP нөмірлер үшін 10 млрд теңге жұмсалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Ал 2021 жылы 20 мыңнан астам отандасымыз 5,8 млрд теңгеге әдемі нөмірлер сатып алыпты.