![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/made-in-kazakhstan-kazahstanskie-tovary-reestr-1024x576.png)
Енді қазақстандық кәсіпкерлер KPO, Теңізшевройл, NCOC тәрізді ірі операторларға өз қызметін мен тауарларын көбірек ұсына алады. Олар еліміздегі шетелдік компаниялардың сатып алуына көбірек қатысу үшін үкіметтік ұйымдар да көмектеседі. Бірақ отандық кәсіпорындардың барлығы халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын емес. Бұл туралы бүгін мәжілістегі отырыста Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығының бас директоры Әбішев Дастан хабарлады.
Отандық өндірушілердің олқылығы қандай?
Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығы – ҚР Үкіметі және үш ірі оператордың бастамасымен құрылған. Орталық мамандары еліміздегі жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмысына талдау жүргізген. 200-ден астам өнеркәсіптерді аралап шықты. Олардың арасында тек 40-қа жуық отандық компания ғана жоғары сұранысқа ие тауарды өндіреді.
Дастан Әбішевтың сөзінше, қазақстандық компаниялардың барлығы бірдей халықаралық деңгейде жұмыс істеуге дайын емес.
«Елеулі олқылықтардың бірі жоғары бағасына байланысты отандық өндірушілерде халықаралық сертификаттардың болмауы болып табылады. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шарасы, оператор – QazIndustry, төмен өтеу шегіне байланысты өндірушілерде сұранысқа ие емес», – деді ол жиында.
Дегенмен осы уақытқа дейін 100-ден аса қазақстандық өндіруші операторлармен келісім-шарт жасап, 250 млн доллардан астам сомаға тапсырыс алған.
Қазақстандық тауар өндірушілерге көмек беріледі
Шетелдік операторлар қазақстандық тауар өндірушілермен тығыз байланыс орнату үшін арнайы реестр құрылады. Ол жерге елімізде тауар өндіретін жергілікті кәсіпорындардың барлығы енгізіледі. Әрқайсысын қатаң тексеруден өткізіп кіргіземіз дейді Әбішев.
Ары қарай реестрдегі кәсіпкерлермен Халықаралық мұнай-газ машина жасауды дамыту орталығы жұмыс істейді.
«Орталықтың басты мақсаты – үш оператормен тікелей жұмыс бастаймыз. Алдында компаниялар ережелерімен танысып, әр оператормен жұмыс жүргізіп жүрген. Енді біз көпірміз. Бизнес пен үш оператор арасындағы көпірміз. Келген компанияны жетектеп, үш операторға апарамыз. Сұрақтарын қоямыз, тауардың қажеттілігі бар ма, қанша жылға, құны қандай деген сұрақтар қоямыз. Кейін үш оператор жауап береді. Олардың жауаптарын жинап, өндірушіге қайта шығамыз. Сөйтіп мақұлданған құжат арқылы жұмыс істейміз. Басты мақсат – жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету», – деді орталық директоры.
Отандық тауар өндірушілердің тізілімін құру туралы мәселе былтыр көтерілген. Үкіметтің мәлімдеуінше, мұндай жоба қазақстандық тауарлар үлесін арттыруға үлес қосуы керек.