Тимур Құлыбаев мемлекетке 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр – Bloomberg

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Тимур Құлыбаев мемлекетке 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр / фото: REUTERS/Mukhtar Kholdorbekov

Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі Тимур Құлыбаев, Үкіметтің елбасы билігі кезінде жинаған байлығын тергеуі аясында, мемлекетке шамамен 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.

Кінә артылмайды

Басылым мәліметті жағдаймен жақынырақ таныс екі дереккөзге сүйене отырып жариялады. Аты-жөні құпия сақталғанын қалаған дереккөздердің айтуынша, Қазақстан үкіметімен келіссөз сәтті аяқталса, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев «бір бөлігін ақшалай, қалғанын инвестиция түрінде төлейді».

Дереккөздер төлем жасаудың «кінәсін мойындауды» білдірмейтінін атап өткен.

Құлыбаевтың өкілі «мемлекет ісіне қатысы бар» деген желеумен агенттіктің осы мәселеге қатысты сауалдарына жауап беруден бас тартқан, бірақ «кез келген төлемді активтерді қайтару деп атауға болмайтынын» ескерткен.

Миллиардер өкілінің айтуынша, жылдар бойы Құлыбаев елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты және «осы істі алдағы жылдары тезірек ілгері жылжыту үшін үкіметпен жұмыс істеуді жалғастырып отыр«.

Құпия іс

Олигархпен келіссөз жүргізуге жауапты Қазақстан Бас прокуратурасы да істің құпия екенін желеу етіп, агенттікке осы мәселе бойынша мәлімет беруден бас тартқан.

2023 жылы Үкімет Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында мемлекетпен байланысы болған, 100 миллион доллар және одан көп байлығы бар адамдардың дәулетін тексеруді көздейтін заң қабылдаған. Басылым осындай заң дәулетті адамдардың ел ішінде инвестиция салуына бөгет жасағанын, олар шабуыл нысаны болудан сескенгенін атап өтті.

Басылым мәліметінше, Құлыбаев қазірдің өзінде мемлекетке 230 миллион доллар төлеген. Миллиардер мен Үкімет келісімге отырған жағдайда, осы ақша да оның жалпы төлейтін сомасына қосылады.

Bloomberg агенттігінің миллиардерлер индексіне сәйкес, 58 жастағы Тимур Құлыбаевтың 3,5 млрд доллары бар. Ол Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динараға үйленген. Елбасы билігі кезінде Құлыбаев ұзақ жылдар бойы «Самұрық Қазына» әл-ауқат қорын басқарып, басқа да лауазымы жоғары қызметтерді атқарды. Ол «Қазақстан Халық жинақ банкі» акцияларының бақылау пакетіне, сонымен бірге энергетика саласында инвестициялары бар.

Басылым мұндай келісімді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жеңісі болар еді» деп атап, мемлекет басшысының 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс деп сипаттағанын жазды. Осы оқиғадан кейін Тоқаев елдің ең бай азаматтарына үндеу тастап, «халық үлесін қайтаруды», елге инвестиция салуды сұраған.

2024 жылғы қарашада премьер-министр Олжас Бектенов бір жылда 900 млрд теңге (1.7 млрд доллар) қайтарылғанын, қаражат әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бөлінетінін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз