Жаңалықтар

Қазақстан үкіметі Илон Масктің бюджет шығынын қысқарту әдісін қарастырмақ

Илон Масктің бюджет шығынын қысқарту әдісін Қазақстанда қолдану туралы ұсыныс түсті / фото: shutterstok

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, әлемдегі ең бай адам Илон Масктің АҚШ әкімшілігіндегі департаменті атқарып жатқан жұмысты республикада жүзеге асыру туралы ұсыныс түсті.

Бұл туралы министр бүгін Астанада өткен брифингте мәлімдеді.

«Жасыратын ештеңесі жоқ, маған Илон Маск қазір АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінде атқарып жатқан істерін осында жүргізу жөніндегі ұсыныспен шықты. Сол жерде оның оңтайландыру мәселелерімен айналысатын департаменті бар. Ол қызметін ұсынып, идеялары бар екенін айтты.

Мен оны осында келуге шақырдым. Кел, бірге жұмыс істейік, жұмыс тобын құрамыз. Қысқартатын тұстарын тауып көр. Бірақ әлеуметтік бюджетті қысқарту өте қиын. Көпбалалы аналар, балалар, қарттар, зейнеткерлер. Біз әлеуметтік мемлекетпіз. Бюджеттің басқа да түрлерімен танысып шық дедім. Қысқартуға қарсы емеспіз. Қарапайым адамға қатысы жоқтың бәрін қысқартуға дайынбыз», – деп мәлімдеді Жұманғарин.

Алайда вице-премьер мұндай ұсынысты нақты кім жасағанын айтпады.

400 млрд доллардан аса дәулеті бар Илон Маск былтыр АҚШ-тағы президент сайлауында басқа да америкалық ондаған миллиардермен бірге Дональд Трампты қолдап, биыл Ақ үй әкімшілігіне қызметке орналасты. Ол Тиімді үкімет департаментін (DOGE) басқарады. Маск АҚШ федералдық бюджетін 2 трлн долларға дейін қысқарта алатынын мәлімдеген.

Қазақстан үкіметі бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығы мәселесін шеше алмай келеді. Билік қаңтардың аяғында республикалық бюджет дефицитін шешу мақсатында қосылған құн салығы мөлшерін 20 пайызға көтергісі келетінін мәлімдеген.