Қытай — қарама-қайшылықтар елі. 1,4 млрдтан астам халқы бар ел дүниежүзінде автокөлік өндірісі бойынша көш бастап тұр. Бұл елде Hongqi сынды премиум көлікті де, Chery сынды орташа деңгейдегісін де және бағасы ұялы телефон құнымен бірдей эконом санатындағы автоны да табуға болады. Соңғысы көпшілікті қызықтыратындықтан Kursiv.Мedia тілшісі «Аспан асты еліндегі» бағасы ең арзан «темір тұлпарларды» шолып шықты.
Әлемдегі алып микрокарлар нарығы
Батыстағыдай Қытайда жүргізушілер микрокарларды ерекше жақсы көреді. Олардың халық тығыз қоныстанған аудандарда, әсіресе жалақысы төмен адамдар арасында танымал болуы таңғаларлық жағдай емес. Себебі тар көшелер мен қауіпсіздік талаптарының жеңілдігі, бағасы арзан болғандықтан кішкентай көліктер үлкен сұранысқа ие етеді.
Сондықтан болар Қытайдағы микрокар өндірушілерінің саны шексіз. Ал бағалары тапсырыстардың көлеміне байланысты әртүрлі.
Flistar FSC-LT — 1 714 доллар немесе
Көлік деуге келіңкіремейтін, үшаяқты мотоциклге жақындау бұл көлік, қорғасын-қышқыл батареямен жабдықталған. Бір толық қуатпен 60 шақырым ғана жол жүре алады. Flistar FSC-LT көлігін Alibaba платформасынан алуға болады. АҚШ валютасына шаққанда бағасы 5 ақпандағы ресми курспен есептегенде 1 714 доллар немесе 891 065,78 теңге. Бұған елге жеткізу құнын қосу керек. Мысалы, Қазақстанға шағын заттарды жеткізудің орташа құны 1,5 доллардан басталады. Жеткізу уақыты 2 аптадан 1-2 ай аралығында.
Көліктің салмағы 230 келі. Түсіну үшін ең жеңіл седандардың бірімен салыстырып көрейік. Мысалы, Mazda MX-5 Miata екі есікті шағын көлігінің салмағы 1 073 келі. Онлайн дүкендерден еркін сатып алуға болатын Flistar FSC-LT 50 жастан асқан адамдарға арналған электромобиль-скутер деп сипатталады. Шекті жылдамдығы — сағатына 38 шақырым, екі адамға арналған және 150 келі жүкті тасымалдай алады.
ChangLi CL-JP — 1 534 доллар
ChangLi бренді, әсіресе Donut Media сияқты автомобиль арналарынан кейін танымал болды. Бұл бренд Changzhou Xili Vehicle Co. компаниясына тиесілі, Чанчжоу қаласында орналасқан.
Alibaba платформасында бұл көлік әлемдегі ең арзан электрлік төрт дөңгелекті көлік деп сипатталған. Қорғасын-қышқыл батареядан қуатталып, 100 шақырымға дейін жүре алады. Автоны жылдам қуаттау уақыты 5 сағат, ал баяу болса — 10 сағатқа дейін созылады. Көлік тек 1,2 кВт немесе 1,6 ат күшіне тең электр қозғалтқышпен жұмыс істейді.
ElectricKar KLS800 — 1 312 доллар
Бұл өте жинақы көлік Қытайда 1 312 доллар немесе 682 676 теңге тұрады. Оның көлемі 1 980 мм ғана. Максималды жылдамдығы — сағатына 45 шақырым.
ElectricKar KLS800толық қуаты 100 шақырымға жетеді. Бірақ бұл көрсеткіш NEDC сынақтарының нәтижелері бойынша болжалды түрде анықталған. Сондықтан бұдан аз да, көп те болуы мүмкін.
ChangLi CLZKC-013 — 1 302 доллар
Тағы бір ChangLi моделі — үш орындықты. 300 келі жүк тасымалдай алатын миникөлік
электрлі терезелер, жылытқыш, MP3 музыкалық құрылғы, радио және артқы көрініс камерасымен жабдықталған.
Бұл көлікті Қытайдың ішінде ғана талдап сатып алу мүмкіндігі бар. Ал Қазақстанда отырып сатып алу үшін Қытайдан кемінде 50 бірлігін тапсырыс беру керек. Әр данасы шамамен 677 391 теңге.
ChangLi CLZKC-008 — 1 295 доллар
Бұл модель CLZKC-013-ке өте ұқсас, бірақ алдыңғы және артқы бөліктерінің дизайны сәл жеңілдетілген. Жүк тасымалдауға арналған көліктің максималды жылдамдығы — сағатына 120 шақырым. Бағасы қазақстандық валютамен есептегенде 673 749 теңге.
Everbright EV-07 — 1 110 доллар
Бұл көлік өте арзан, бірақ сыртқы мен ішкі дизайны көз тартады. Қытайдағы құны 1 110 доллар немесе 577 499 теңге, бұған Қазақстанға жеткізуді қосу керек. Максималды жылдамдығы — сағатына 43 шақырым. Толық қуатымен 70 шақырым жүре алады.
Minghong S1-PRO — 1 080 доллар
Minghong компаниясының ең арзан электромобилі. Ұзындығы 2 метрден сәл асатын көлік 500 келі жүкті тасымалдай алады. 3 кВт қозғалтқышпен, 1500 Вт қуаттау құрылғысымен жабдықталған, сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүреді. Бағасы 561 891 теңге.
ChangLi Nemeca — 938 доллар
ChangLi Nemeca-ні кейбір елдер әлемдегі ең арзан электромобиль деп бағалайды. Көліктің үлкен жүксалғышы бар. Бұл да бір артықшылық. Салмағы бар болғаны 360 келі болатын көліктің шекті жылдамдығы 32 шм/сағ. 1,1 ат күші бар двигателмен жабдықталған мини көліктің ішінде радио, жылытқышы бар. Бағасы 488 013 теңге.
BeteTek BD-DB — 860 доллар
Әлемдегі ең арзан авто ChangLi Nemeca емес. Қытайда бұдан да арзаны бар. Бірақ түрлі түсті интерьері және түрлі түсті бояулары бар. Жүріс қашықтығы — 85 км, максималды жылдамдығы — 45 км/сағ. Толық қуатымен 85 шақырым жүре алады. Бағасы 447 432 теңге.
KEYU KBW-4 — 610 доллар
KEYU KBW-4 — әлемдегі ең арзан көлік қана емес, ең кішкентай пикап. Бағасы 610 доллар немесе 317 364 теңге ғана тұратын көлік толық қуатымен 80 шақырымға, сағатына 50 шақырымға дейін жүре алады.
Бағасы мен түрі күлкі шақырғанымен жабдықталуы Лададан жақсы. Мысалы, бұлардың көпшілігінде кондиционер, орталық құлыптау жүйесі мен артқы камера бар. Бірақ әлемдік стандартқа сай келмейді. Алыс қашықтыққа бара алмайсыз, үлкен жолға шығу мүмкін емес, тек жақын маңға қатынауға арналған. Көпшілігі ресми болса да, шағын, үй жағдайындағы зауыттарда құрастырылады. Сондықтан басым бөлігін тек қытайлық және азиялық нарыққа арналған деуге болады. Қытай көліктерімен күресіп жатқан Еуропа, АҚШ нарығында бұл көліктерді ешқашан көрмейтініміз анық. Ал Қазақстанға базар мен ауладағы кішігірім қажеттіліктер үшін алынған бір-екі миникөлікті көріп қалуымыз мүмкін.