Қазақстандық теннисші Александр Бублик «Витя Кравченко» Youtube арнасына берген сұхбатында Елена Рыбакина жайлы, сондай-ақ ресейлік спортшылардың неге басқа елдің туы астында өнер көрсетуге мәжбүр болатыны туралы айтты.
Ресейде бәріне бірдей ақша жетпейді
Александр Бублик 2016 жылға дейін Ресейдің атынан ойнағанымен, қаржылай қолдау тапшылығына байланысты Қазақстанға ауысқан. Оның айтуынша, дәл осындай жағдай Рыбакинада да болған.
«Ресей теннис федерациясында барлық талантты спортшыларды қаржыландыруға мүмкіндік жоқ, сондықтан кейбірі өзге елдердің қолдауын іздеуге мәжбүр. Кез келген спорт түрінде бірінші басшылар үшін ақша табылады, бірақ талантты жастардың барлығына жете бермейді», – деді Бублик.
Қазақстан Рыбакинаны танып, мүмкіндік берді
Бубликтің пікірінше, Ресейде Рыбакинаның әлеуетін дер кезінде бағаламай, оған қаржылай қолдау көрсетпеген. Ал Қазақстан оған сенім артып, барлық жағдай жасады.
«Ресей Ленаны байқамады. Ал Қазақстан көрді, бағалады. Бұл бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Әрине, Лена – Қазақстанның ең үлкен жетістігі, бізге жасалған инвестициялардың жемісі де осы. Мен “Үлкен дулыға» чемпионы емеспін, бірақ әлемдік деңгейде танымалмын. Ал Лена – Қазақстанның бізге жасаған қолдауының ең үлкен қайтарымы. Лена Қазақстанға әлі де талай жеңіс алып келеді», – деді теннисші.
Ресей неге талантты теннисшілерді уыстан шығарып алды?
Бубликтің айтуынша, Рыбакина Қазақстанға ауыспағанда, дәл қазіргі дәрежеге жетуі екіталай еді.
“Ресейде оған назар аудармады, өйткені оларда басқа теннисшілерге басымдық берілді. Лена Қазақстанға ауысып, федерацияның қолдауына ие болды. Қаржыландыру болмаса, әлемдік деңгейдегі спортшы болу мүмкін емес. Қазақстан оған сенбегенде Лена дәл бүгінгі Рыбакина болмас еді», – деді Бублик.
Рыбакинаның жетістігі – Қазақстанның жеңісі
Айта кетейік, Елена Рыбакина – 1999 жылы Мәскеуде дүниеге келген. 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ел атынан өнер көрсете бастады. Бүгінде ол Қазақстан сапында: Уимблдон-2022 жеңімпазы, WTA турнирлерінің 8 дүркін чемпионы, Әлемдік рейтингте 5-орынды алып отыр.