Lifestyle

Қостанайлық әйел күйеуін қайтарып беруге уәде берген көріпкелді сотқа берді

Көріпкелден көңілі қалған әйел төлеген ақшасын қайтарып беруді талап етеді./фото: shutterstock

Қостанай қаласында тұратын әйел көріпкелге, нақтырақ айтқанда, онлайн-тарологқа жүгініп, күйеуінің көзіне шөп салып жүрген айтқан.

Kostanay_life ақпаратына қарағанда, жұбайының отбасына қайтаруға көмектесуді сұрап, өтініш жасаған. Көріпкел қызметінің ақысына 100 мың теңге сұрапты.

Ақысын алған соң, таролог «күйеуің көп ұзамай, қайтып келеді» деп сендірген. Бірақ оның болжамы дәл келмеген. Керісінше, күйеуі киім-кешегін алып, отбасынан біржола кетіп қалыпты.

Көріпкелден көңілі қалған әйел төлеген ақшасын қайтарып беруді талап етеді. Таролог болса, үзілді-кесілді бас тартады.

Кикілжіңнің соңы сотқа дейін жетеді. Қостанайлық әйел сотта көріпкелдің «айтқаным келмесе, ақшаңды қайтарып беремін» деген уәдесін алға тартқан. Сот әйелдің сөзін жөн көріп, құшынашқа ақшасын қайтарып беруді міндеттеп, шешім шығарған.

Психологтардың мәліметінше, елімізде көріпкелдерге, балшы‑балгерге сеніп, олардың қызметіне жүгінетін адамдардың саны артып келеді. Мұның себебі өз өмірі үшін жауапкершілікті ғажайып күштерге артуда жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, көріпкелдерге жиі бару өз бетінше шешім шығару қабілетін әлсіретуі әбден мүмкін.

Қарапайым тұрғындарды айтпағанда, «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі, экс-экономика министрі, азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген Қуандық Бишімбаевтың да ұдайы көріпкелге жүгінетіні сот барысында белгілі болған еді.

2023 жылы 9 қарашада өткен сот отырысында көріпкел Гүлнар Ережепова куәлік берді. Ол сотқа онлайн форматта қосылып, жеке деректерін жария етпеуді өтінген еді. Куәгер де өзін таролог екенін айтқан. Оның сөзіне қарағанда Қуандық Бишімбаев көріпкелген бизнес, инвестиция мәселесі бойынша ұдайы ақыл сұрап тұрған.

Соңғы қоңырау соққан кезде Бишімбаев «Салтанат орнынан тұра ма, жоқ па?» деп сұрапты.

Кейбір танымал көріпкелдер екеуара әңгіме барысында танымал кәсіпкерлер мен лауазымды тұлғалардың тұрақты клиенттеріне айналғанын айтады.