Аяна Жолдас 2025 жылғы қысқы Азиада ойындарында Қазақстан еншісіне төртінші медаль әкелді

Жарияланды 9 Ақпан 2025 10:56

(жаңартылды 10 Ақпан 2025 10:32)
Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Аяна Жолдас
Аяна Жолдас финалда 76,54 балл жинап, үшінші орынға тұрақтады / Фото: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Қазақстандық спортшы Аяна Жолдас 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында Қытайдың Харбин қаласында өткен фристайл-акробатика жарысында қола медаль жеңіп алды.

Финалда отандасымыз 76,54 балл жинап, үшінші орынға тұрақтады. Жеңісті қытайлық Цю Мэнтао 90,94 ұпаймен жеңіп алды. Екінші орынды тағы бір қытайлық спортшы Чэнь Сюжень (81,58 балл) иеленді. Қазақстан намысын қорғаған тағы бір спортшы Ардана Маханова шешуші кезеңге өте алмай қалды.

Қазақстан құрамасының өкілі Аяна Жолдас жарыстан кейін өз өнерін бағалады. Спортшының айтуынша, ол бір жыл бұрын екі мәрте ота жасатып, секіруді тек биылғы қаңтар айында бастаған.

 «Бапкерімнің тапсырмасын толықтай орындауға тырыстым. Жылдамдық бәрі жақсы болды. Бапкерімде маған көмектесіп отырды,»- деді спортшы.

Сондай-ақ Аяна Жолдас бір жыл бұрын тізесіне екі мәрте ота жасатқанын мәлімдеді. Осыдан соң оған спортқа оралу өте қиын болған.

 «Жарақатым туралы нақты айта алмаймын. Шамамен бір жыл бұрын тіземе екі мәрте ота жасатқан едім. Бірақ қаңтар айынан дайындықты бастап кеттім. Алғашқы жарысым АҚШ-та өтті. Алғашқы секіруде аяғымды ауыртып алған болатынмын. Қазірде аз ғана ауырсыну бар, алайда алдағы 1-2 күнде қалпыма келіп, медаль үшін күресемін деп үміттенемін», – деп мәлімдеді Аяна Жолдас.

Бұдан бөлек, Қазақстан құрамасы шорт-тректен 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында күміс медальға ие болды. Қазақстандықтар 3000 метрлік қашықтықтағы эстафетада екінші орынға көтерілді. Финалда ел намысын Ольга Тихонова, Малика Ермек, Алина Әжғалиева және Яна Хан қорғады. Алтын медальды Қытай жеңіп алса, Жапония үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстан Азия ойындарында жаңа Олимпиадалық спорт түрінен де өнер көрсетті. Ски-альпинизмнен спринт жарыстарында Қазақстан құрамасының бірнеше спортшысы үздік ондыққа кірді.

Қазақстан қоржынынына үшінші медальді шаңғышы Константин Борцов әкелген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз