![Золото на Азиаде](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/d43766da-aed6-487b-b780-3dc25d54b622-1024x682.jpg)
Қазақстан құрамасы Азия ойындарында алғашқы алтынды жеңіп алды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.
Комитеттің мәлімдеуінше, шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы 5000 метрлік эстафетада топ жарған. Қазақстан атынан эстафеталық жарысқа Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен қатысты.
«Бұл Қазақстан үшін осы Азия ойындарындағы алғашқы алтын медаль болды. Қазақстан финалда Жапонияны (екінші орын) және Қытайды (үшінші орын) басып озды. Ал фаворит Оңтүстік Корея командасы жарыстан шеттетілді»,- деп хабарлады ҰОК.
Айта кетейік, Қазақстан шорт-тректен тарихта алғаш рет Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Харбинде шорт-трекшілер үш медальға ие болды. Олардың барлығын эстафеталық жарыстарда еншіленді.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин эстафеталық жарыста тарихи алтын медаль жеңіп алған шорт-трек құрамасын құттықтады.
«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті атынан және өз атымнан Глеб Ивченко, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Насен, Абзал Әжғалиев және Әділ Ғалиахметовті Харбиндегі қысқы ойындарында Қазақстан құрамасының алғашқы алтын медалін жеңіп алуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қазақстандық шорт-трек үшін әлемдік деңгейдегі кешенді жарыстардағы алғашқы жоғары дәрежелі жүлде және мыңдаған жанкүйер осы тарихи сәттің куәсі болды. Бүгін сіздер жеңіске деген жігерлеріңіздің арқасында лайықты түрде тұғырдың ең биік сатысына көтерілдіңіздер. Және көп жылдан кейін Қазақстанның әнұраны Азия құрлығының қысқы додасында қайта шырқалады»,- деді Геннадий Головкин.
Еске салсақ, Қазақстандық спортшы Аяна Жолдас 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында фристайл-акробатика жарысында қола медаль жеңіп алған еді.