Инфляция мен көлеңкелі экономиканың ықпалы: халық қолма-қол ақшаға көшіп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қолма-қол ақшаның үлесі артқан/Фото: shutterstock

2024 жылы Қазақстан экономикасындағы қолма-қол ақшаның үлесі 20%-ға өсіп, 4,4 трлн теңгеге жеткен. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының пайымдауынша, қолма-қол ақша үлесінің артуына инфляцияның күшеюі, мобильді аударымдарды бақылауды қатаңдату мен көлеңкелі экономиканың үлесінің артуы себеп болған.

Қаржыгерлердің есебіне сүйенсек, былтыр әрбір қазақстандыққа орта есеппен 218 мың теңге қолма-қол ақша тиесілі болған. 2023 жылы бұл көрсеткіш – 184 мың теңгені құраған болатын.

2024 жылы халық банкоматтан 25,4 трлн теңге қолма-қол ақша шешіп алған. Бұл 2023 жылғы 22,9 трлн теңгемен салыстырғанда 11%-ға көп. Негізгі өсім Алматы (+1,4 трлн теңге), Шымкент (+389 млрд теңге) және Жетісу облысына (+249 млрд теңге) тиесілі.

Былтыр қолма-қол ақшасыз транзакция көлемі 165 трлн теңгеге жетті (+16%). ҚҚҚ пікірінше, бұған мынадай факторлар әсер етті:

  • бөлшек және көтерме сауданың 9,8% және 8,6%-ға жеделдеуі (тиісінше 22,4 трлн және 47,3 трлн теңгеге дейін);
  • онлайн-банкинг пайдаланушылары санының 23 млн-нан 25,9 млн адамға дейін көбеюі;
  • сауда кәсіпорындарының санының 910 мыңнан 1,1 млн-ға дейін өсуі;
  • POS-терминалдар желісінің 1 млн-нан 1,4 млн-ға дейін кеңеюі.

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің өскеніне қарамастан, олардың жалпы есеп айырысу құрылымындағы үлесі аз ғана өзгеріп, 86,2%-дан 86,7%-ға дейін артты. Бұл қолма-қол ақша айналымының ұлғаюымен байланысты.

Дегенмен қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі қолма-қол ақша алудан 6,5 есеге артық.

Орташа есеппен бір қолма-қол ақшасыз транзакция сомасы жыл ішінде 4%-ға өсіп, 12,6 мың теңгеден 13,1 мың теңгеге жетті, ал банкоматтан қолма-қол ақша алу сомасы 12,4%-ға өсіп, 94,7 мың теңгеден 106,4 мың теңгеге дейін артты.

2024 жылы ел аумағында қолма-қол ақша шешіп алу бойынша 238,4 млн операция орындалған.

Сондай-ақ оқыңыз