Банк пен қаржы

«Самұрық-Қазына» қоры 2024 жылы офтейк-келісімшарттарды 10 есе арттырған

«Самұрық-Қазына» қоры отбандық тауар өндірушілермен қанша келісім жасады / Фото: kursiv.media

2024 жылы «Самұрық-Қазына» әл ауқат қоры отандық тауар өндірушілермен 1,1 трлн теңгеге келісімшарт жасаған. Бұл 2023 жылдың көрсеткішінен 76%-ға артық. Сонымен қатар 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп.

Бұл туралы «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесі отырысында айтылды.

«Сондай-ақ 2024 жылы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша қосымша шаралар қарастырылған. Осының арқасында 1,1 трлн теңгеге ОТӨ-мен шарттар жасалып, өсім 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ды құрады. 191 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар жасалды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп», – делінген хабарламада.

Премьер-министр Олжас Бектенов ірі жобаларға инвестиция тартуды тапсырған.

«Мемлекет басшысы біздің жұмысымыздың басым бағыты ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларды, көлік пен логистиканы дамыту, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Үкімет еліміз үшін маңызды жобалардың іске асырылу жағдайын бақылауда ұстайды. Мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайта отырып, бірлескен инвесторларды белсенді тарту қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалау керек деп мәлімдеген болатын. Өйткені қорды жетілдіру жұмысы баяу жүріп жатыр. «Самұрық-Қазына» қорының тағдыры ақпан айында шешілуі мүмкін.