![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/iphone-se-4-1024x576.png)
Apple компаниясы iPhone SE желісінің төртінші буынына арналған жаңа смартфонын ақпан айында таныстырады. Желіде бұл құрылғы туралы ақпарат бір жылдан астам уақыт бойы таралып жатыр, Bloomberg сарапшыларының пікірінше, бұл модель алдыңғы SE-лерден түбегейлі ерекшеленеді.
Алғашқы iPhone SЕ 2016 жылы жарық көрді. Бастапқыда iPhone 5S дизайнын сақтап, iPhone 6S процессорымен жабдықталған. 2020 жылы iPhone SЕ 2 шықты, оның сыртқы келбеті iPhone 8-ге ұқсас болғанымен, iPhone 11-дің қуатты процессорымен жабдықталды. 2022 жылы үшінші буын SE жарық көрді, ол да iPhone 8 дизайнын сақтап, iPhone 13-тің чипін қолданды. Бағасы да жыл сайын өсіп отырды:
- iPhone SЕ (2016) – $329 (172 мың теңге)
- iPhone SЕ 2 (2020) – $399 (205 мың теңге)
- iPhone SE 3 (2022) – $429 (220 мың теңге)
iPhone SE 4 қашан шығады?
Үшінші буын iPhone SE 2022 жылы шыққан, төртінші модель 2025 жылы сатылымға шығады деп жоспарланып отыр. Apple әдетте SЕ сериясын көктемде ұсынатындықтан, iPhone SЕ 4 моделі де осы жылдың көктемінде таныстырылады деген болжам бар. Сонымен қатар Apple сол іс-шарада M4 чипіндегі MacBook Air, жаңа iPad және iPad Air-ды да жариялауы мүмкін.
Дизайн: iPhone 14 стилінде жаңартылған корпус
iPhone SЕ 4-тің дизайны айтарлықтай жаңарады. Apple 2025 жылы 4.7 дюймдік экранмен телефон шығармайды, өйткені Home батырмасы бар дизайн ескірген. iPhone SE 4-тің сыртқы келбеті iPhone 14-ке ұқсас болады.
Желіде тараған 3D макеттер жаңа құрылғының жалпақ қырлы корпуспен және экранның жоғарғы бөлігінде «челкамен» (Face ID үшін) болатынын көрсетеді. Яғни, Touch ID орнына Face ID келеді.
Бағасы қандай?
Android Authority басылымының болжамынша, iPhone SЕ 4 бағасы 429 доллардан (220 мың теңге) жоғары болады және 500 доллар немесе одан асып кетуі мүмкін. Bloomberg-тің Марк Гурман есімді сарапшысы Apple бағаны 500 доллардан (260 мың теңге) асырмайды, себебі құрылғыны ең сатылымды iPhone-дардың біріне айналдырғысы келетінін айтады.
Кімдерге арналған?
iPhone SE 4 негізінен: қуатты, заманауи iOS смартфонын алғысы келетін, бірақ флагманға 1000 доллардан артық ақша жұмсағысы келмейтіндерге, Apple экожүйесіне алғаш қадам басатын қолданушыларға, Apple Intelligence (жасанды интеллект) мүмкіндіктерін қолданып көргісі келетіндерге арналған.