![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/5-17-1024x576.webp)
Тимур Құлыбаев — Қазақстандағы қалтасы қалың ең табысты, әрі ықпалды кәсіпкердің бірі. Байлығы 5 млрд долларға жуықтайтын олигарх банк секторы, мұнай-газ, жылжымайтын мүлік және өндіріс салаларында ауқымды активтерге ие.
Өмірбаяны
Тимур Асқарұлы Құлыбаев – 1966 жылы 10 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. 1983 жылы физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектепті тәмәмдайды. Жоғары білімін М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің халық шаруашылығын жоспарлау мамандығы бойынша экономист біліктілігімен бітірген. 1999 жылы ғылыми диссертациясын қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. Бірнеше жыл ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады.
Құлыбаевтың байлығы
Forbes Kazakhstan мәліметінше, ол 5 млрд долларлық байлығымен Қазақстанның ең бай кәсіпкерлер тізімінде екінші орынға жайғасқан. Ал ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 8 орында тұр.
Осы көрсеткіштері арқылы Тимур Құлыбаев әлемдегі ең бай адамдар тізімінде 627-орынға табан тіреген. Дәл осындай мөлшердегі капитал оның жұбайы Динара Құлыбаеваға да тиесілі. Осылайша ерлі-зайыптылардың жалпы дәулеті 9,4 млрд доллардан асып жығылады.
Олигархтың байлығы жыл сайын артып отырады. Мысалы, 2021 жылы оның байлығы 2,8 млрд долларды құраса, 2024 жылы 4,6 миллиардқа жеткен.
Олигархтың табыс көзі…
Құлыбаевтар отбасының негізі табыс көзі – банк секторы. Олар «АЛМЭКС» холдингінің жалғыз иесі. Бұл компания елдегі ең ірі қаржы институттарының бірі «Қазақстан Халық банкін» бақылайды. Банк акцияларының 69,52% үлесіне ие. Өз кезегінде, Халық банкі Altyn Bank-тің 40% акциясын иеленеді.
Дәулетті кәсіпкер мұнай-газ, энергетика, жылжымайтын мүлік және өндіріс салаларында да ауқымды активтерге ие.
Мәселен, Тимур Құлыбаев Joint Resources компаниясына да иелік етеді. Бұл құрылымға «Каспий нефть», «Шұбаркөл Премиум», «Кристалл Менеджмент» және Premier Development Company сияқты кәсіпорындар кіреді.
Бұдан бөлек, «Кипрос» компаниясы Viled, Emdeu, «Қамқор Менеджмент» топтарында, сондай-ақ PetroRetail (Qazaq Oil жанармай құю станциялары желісі), «Бахус», Joint Technologies компанияларында үлеске ие.
Құлыбаевтың байлығы қалай қалыптасты?
Тимур Құлыбаев мұнай және мұнай-газ саласына 90-шы жылдардың екінші жартысында келді. Ол «ҚазақОйл» ұлттық компаниясының вице-президенті болып тағайындалып, бюджетті басқару, инвестиция тарту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты міндеттерді атқарады.
1999 жылы Құлыбаев «ҚазТрансОйл» президенті болып, ішкі және сыртқы нарықтарға мұнай тасымалдау жұмыстарын ұйымдастырды.
2000 жылдары ол мұнай-газ секторындағы жоғары лауазымдарды атқарды, соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының құрамында үш жылдан астам жұмыс істеді. Бұл кезеңде ол ұлттық әл-ауқатты арттыру және мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жобаларды жүзеге асырды.
Отбасы
Құлыбаевтың әкесі – Асқар Алтынбекұлы, ғылым докторы және КСРО Жоғары кеңесінің депутаты болған. Ал үлкен ағасы Талғат Құлыбаев полиция генерал-майоры, Алматы Ішкі істер министрлігі академиясын басқарған.
Олигархтың жар ретінде таңдауы экс-президенттің ортаншы қызы Динара Назарбаеваға(қазір Құлыбаева) түскен. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар. Тұңғыштары Алтай Құлыбаев 1990 жылы дүниеге келген. Сондай-ақ Дениза (2004 жылы туған) және Алишия (2010 жылы туған) есімді қыздары бар.
Құлыбаевтың ізбасары да әкесінің жолын қуып, бизнес саласында жүр. Алтай Құлыбаев Қазақстандағы ірі кәсіпкерлік топтардың бірі — Mercury Properties компаниясына жетекшілік етеді. Бұл компания коммерциялық жылжымайтын мүлік, оның ішінде бизнес-орталықтар, қонақүйлер және сауда ғимараттарын басқарумен айналысады.
Дау-дамай
Қазақстандық ауқатты адамдар арасында дау-дамай істерде Құлыбаевтың есімі жиі айтылады.
ҚазҰУ-дың жері
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңсыз сатылған жеріне қатысты дау Құлыбаевпен тікелей байланысты. 2017-2021 жылдары Алматыны Бақытжан Сағынтаев пен Бауыржан Байбек басқарып тұрған уақытта жер телімі заңсыз сатылған. Университет жерінің бір бөлігі Omirex және Atlas Development компанияларының меншігіне өтіп кеткен болатын. Оның құрылтайшылары Динара және Тимур Құлыбаевтар.
Жерорта теңізі жағалауындағы вилла
Олигархтардың шетелдегі виллаларына қатысты сөз өрбігенде, Тимур Құлыбаевтың да аты міндетті түрде аталады. Мәселен, жуырда испандық icij.org сайтының журналистері экс-президент Назарбаевтың күйеубаласына тиесілі өте жақсы қорғалған қымбат виллаларды тапқанын жазды. Басылым мәліметінше, аумақтың жеке иелікке өтуі жергілікті тұрғындарды жағажайлардың бірінен айырған. Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан сәулетті виллаларда Құлыбаевтар отбасы шамамен 2010 жылдан бері жаздың бір бөлігін өткізетінін, әдетте Динара Құлыбаеваның туған күнін атап өтуге келетінін жазады. 2024 жылы Құлыбаевтар отбасы екі айдан астам уақыт осы жерде өткізген.
Олигархтың мемлекетке қайтқан компаниялары
2024 жылы Назарбаевтың күйеу баласы «Кипрос» ЖШС мен Joint Technologies ЖШС арқылы бақылап отырған «ТЭК-Қазақстан» компаниясынан мемлекет 54 нысанды қайтарып алған. Оның ішінде отын қоймалары, ғимараттар мен құрылыстар және басқа да дүние-мүлік бар.
Биыл да мемлекеттік кіріс комитеті 655 ірілі-ұсақты компанияларды тексермекші. Тізімде миллиардер Тимур Құлыбаевтың Dala Project деген ірі компаниясы бар.