![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/9-1.jpg-1-1024x576.webp)
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы жыл шаруалар үшін қаншалықты жайлы болатыны туралы ведомство болжамымен бөлісті.
Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында министрге «биыл жұт жайлап жүрмей ме» деген сауал қойылды.
Министр малға ешқандай көлденең кесапат төніп тұрмағанына сендірді.
«Жұт болады деп күтіліп отырған жоқ. Бұл жерде жұт деген не екенін түсініп алуымыз керек. Жұт деп төрт түлік мал түгел қырылып қалғанды айтады. Сіз былтыр Ұлытауда жылқылардың қырылғанын айтып тұрсыз ғой. Ол шаруа қожалықтарының қапы қалып қойғанынан, қам жасамағанынан болды», – дейді министр.
Айдарбек Сапаров биыл жем-шөп қоры жеткілікті екенін, тіпті бір жарым жылдық қор сақталғанын атап өтті.
Арқадағы жылқы қырғыны
Былтыр ерте көктемде Ұлытау облысында жайылымда жүрген жылқы жаппай қырылған. Жергілікті шаруалар 2 мыңға тарта өлексе тапқанын айтқан. Ауыл шаруашылығы министрлігі жылқының қырылғанын жұт деп санамайды. Олардың тиісті құжаты болмағандықтан, ешкімге өтамақы төленбейтінін, шаруалар да малын жоқтап келмегенін мәлімдеген.