![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/aziatskie-igry-aknar-ardakovna-1024x576.png)
Харбин қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында Қытай құрамасында сынға түскен этникалық қазақтар бірнеше жүлдеге ие болды.
Қанағат Мұхаммедұлы – шаңғы жарысында күміс жүлдегер
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Алтай ауылында 1999 жылы дүниеге келген Қанағат Мұхаммедұлы Азия ойындарында шаңғы жарысынан күміс жүлде жеңіп алды.
Самғар Серікұлы – шаңғы спринтінен қола жүлде иегері
Қытай құрамасында өнер көрсеткен тағы бір қандасымыз Самғар Серікұлы ерлер арасында шаңғымен сырғанаудан спринт бағдарламасында қола медаль жеңіп алды. Ол да Шыңжаң өңірінде туып-өскен, шаңғы спортында тәжірибесі мол спортшылардың бірі.
Баян Жалынқызы – 5 шақырымдық сайыстың жеңімпазы
Әйелдер арасындағы 5 шақырымға еркін стильде шаңғымен сырғанаудан Қытай құрамасындағы этникалық қазақ Баян Жалынқызы алтын медаль иеленді.
Ақнәр Ардаққызы – конькимен жүгіруде чемпион
Қытай сапында жарысқа түскен тағы бір қандасымыз Ақнәр Ардаққызы конькимен жүгіру спортында жоғары нәтиже көрсетті. Ол Харбиндегі Азия ойындарының командалық жарысында Хань Мэй және Ян Биньюймен бірге Қытай құрамасының атынан қатысып, алтын медаль иеленді.
Ақнәр 1999 жылы 1 маусымда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына қарасты Хутуби ауданы, Шытызы ауылында дүниеге келген. Жас кезінен бастап қысқы спорт түрлерімен айналысып, алғашында шорт-трекке, кейіннен конькимен жүгіруге ауысқан.