Lifestyle

Қазақстандық фристайлшылар Азия ойындарында екінші алтынды жеңіп алды

Азия ойындарында Қазақстан құрамасы фристайл-акробатикадан жеңіске жетті / фото: olympic.kz

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы фристайл-акробатикадан жеңіске жетті. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Ерлер арасындағы синхронды секіру жарысында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов үздік нәтиже көрсетіп, Қазақстанға екінші алтын медальді сыйлады.

Қытайлықтардан басым түсті

Жарыстың екінші айналымында қазақстандық спортшылар 97,92 ұпай жинап, алтын медаль иегері атанды. Күміс жүлде 93,48 ұпай алған Қытай құрамасына бұйырды. Қола медальді де қытайлық спортшылар жеңіп алды (91,57 ұпай).

Қазақстанның тағы бір дуэті – Асан Асылхан мен Дінмұхаммед Райымқұлов та 83,96 ұпаймен жақсы нәтиже көрсетіп төртінші орынға тұрақтады.

Бұл Қазақстан үшін фристайл-акробатикадан Азия ойындары тарихындағы алғашқы алтын медалі болды. Бұған дейін біздің спортшылар бұл спорт түрінде құрлықтық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетпеген.

Ал Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды шорт-трек құрамасы алып келген еді.