Dongfeng мен Changan бірігеді деген қауесеттен кейін акциялары күрт өсті

Жарияланды 11 Ақпан 2025 10:51

Ақсәуле Әбітай

Ақсәуле Әбітай

Dongfeng мен Changan бірігуі мүмкін / Фото: dongfeng

Қытайлық Dongfeng автоөндірушісі Changan-мен бірігеді деген жаңалықтан кейін акциясы күрт өскен. Bloomberg жазуынша, егер екі компания қосылса, бұл қытай автомобиль өндірісі үшін маңызды оқиға болмақ.

Changan-мен бірігетіні жайлы жаңалықтан кейін Dongfeng-тың Гонконгтағы биржада акциялары 85,8%-ға күрт көтерілген. Бұл соңғы үш жыл ішіндегі ең жақсы көрсеткіш.

Dongfeng Motor – Қытайдағы мемлекеттік автоөндіруші компания. Dongfeng H30 Cross, Dongfeng DFSK 500, Dongfeng Jinka, бизнес санаттағы Aeolus Shine Max тәрізді жеңіл көліктер және жүк көліктерін шығарады.

Қытайлық автоөндірушілер электромобильдерге қарсы біріге ме?

9 ақпанда Dongfeng Motor Group Гонконг қор биржасына басқа мемлекеттік кәсіпорындармен қайта құрылымдау өткізбекші екенін хабарлады. Тура сол уақытта Changan Auto да қайта құрылымдау жайлы жоспарын айтқан еді. Осыдан кейін екі компанияның қосылуы жайлы қауесеттер пайда болды.

Шетелдік іскерлік басылымдардың жазуынша, қытайлық өндірушілер электромобильдердің дүрбелеңінен кейін өз позициясын қайта нығайтуға тырысып жатыр. Әсіресе, электромобильдер шығаратын BYD нарыққа үлкен өзгеріс әкелді. Қазір BYD – Қытайда ең көп сатылатын көліктердің бірі.

Мамандар екі кәсіпорын біріксе, жаңа электромобильдер технологиясын дайындау үшін үлкен сомадағы инвестициялар салуы мүмкін екенін айтады.

Қытайдағы Мемлекеттік мүлікті басқару және бақылау комитетінің мәліметінше, 2024 жылы Dongfeng Group 2,48 млн автокөлік, ал Changan 2,68 млн машина сатқан. Ал осы уақытта BYD 4,27 млн машина саудалаған.

Changan көліктері Қазақстан нарығында да танымал. Олардың артық-кем тұстары толығырақ білгіңіз келсе, мына жерден оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз