«Күнкөріс қиындады»: Ақтауда тағы бір кәсіпорын жұмысшылары айлықты көтеруді талап етті

Кеңсесі Маңғыстау облысында орналасқан «Атырауқұрылыс-Сервис LTD» компанияның ондаған жұмысшысы өңір әкіміне, прокурорына ашық үндеу жолдап, жалақыны көтеруді талап етті. Жұмысшылар үндеуін жергілікті Lada.kz басылымы жариялады.
«Инфляция жоғары»
«Біз, ұжымдық өтініш ретінде, жалқымызды 50%-ға көтеру және 13 жалақы төлеу мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз. Осындай бастаманы көтеруге мынадай себептер түрткі болды: инфляция деңгейінің көтерілуі; кейінгі жылдары өмір сүру құнының айтарлықтай өсуі.
Бұл біздің әлеуметтік жағдайымызға айтарлықтай әсер етіп отыр. Біз атқаратын жұмыс қиындап, міндеттеріміздің ауқымы кеңейіп келеді», – дейді ұжым үндеуін көпшілік алдында оқып шыққан жұмысшы.
Олар өңір басшылығынан айлықты көтеру мәселесінде қолдау сұрап қана қоймай, жұмысшылардың қудалануына жол бермеуді өтінді.
Ұжымдық үндеу Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға, өңір прокуроры Айдос Майдабаевқа жолданды.
Кәсіпорын басшылығы не дейді?
«Атырауқұрылыс -Сервис LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ақтау қаласында тіркелген. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, кәсіпорынды Дәурен Зәкиев басқарады.
«Мен қазір жұмысшылармен кездесу үшін жолда кетіп бара жатырмын. Жалақы көтеру талабы орындалады-орындалмайды деп айта алмаймын. Әуелі өздерімен сөйлесу керек. Мәселе міндетті түрде қаралады», – дейді компания басшысы Зәкиев Kursiv.Media тілшісіне.
Мұнайлы Маңғыстау өңірінде жұмысшылар ереуілі жиі болып тұрады. Өткен аптада ғана Ақтау қаласында «Каскор-Машзавод» кәсіпорының 200-ге тарта жұмысшысы екі күндік ереуіл өткізіп, жұмыс берушімен ортақ келісімге келген.