![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kazazot-1024x576.png)
«Батуми теңіз порты» компаниясы мен «ҚазАзот» акционерлік қоғамы Грузиядағы осы порт арқылы селитра транзитін арттыру жөнінде келісімге отырды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» баспасөз қызметі хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, әріптестік туралы меморандум Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында қабылданған.
«ҚазАзот» аммиак селитрасын 2024 жылғы наурызда Батуми теңіз порты арқылы тасымалдай бастаған. Тыңайтқыш Ақтау портында тиеліп, Әзербайжанның Говсан портына, одан әрі Грузиядағы Батуми портына жеткізіледі. Тауар әрі қарай әлем нарығына шығады.
Былтыр грузин порты арқылы 37,6 мың тонна қазақстандық селитра транзиттелген.
«ҚазТрансОйл» компаниясы «Батуми мұнай терминалының» өндіріс активтеріне ие. «Батуми теңіз портының» 100 пайыз үлесі БМТ-ға тиесілі.
«ҚазАзот» АҚ – Қазақстанда аммиак пен аммиак селитрасын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Тауарының 60%-ын ішкі нарыққа, қалғанын ТМД елдері мен АҚШ секілді басқа да алыс шетелге сатады.