![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/mestorozhdenie-qaraturyn-1024x576.png)
Маңғыстау облысындағы Қаратұрын мұнай-газ кенішінде «Атырауқұрылыс-Сервис LTD» жұмысшыларының айлықты 50%-ға көтеру талабы орындалмады. Кәсіпорын басшылығы бір реттік сыйақы төлеумен шектелді.
Қаратұрын мұнай-газ кен орны Ақтау қаласынан 300 шақырым, ал Қаламқас мұнай кенішінен 30 шақырым жерде орналасқан. Кенішті «Бозащы-Мұнай» компаниясы игереді. Оның жалғыз иесі – кәсіпкер Мұрат Сафин.
Бір күндік ереуіл
«Атырауқұрылыс-Сервис LTD» шағын кәсіпорнының ондаған жұмысшысы 11 ақпанда бір күндік ереуілге шығып, жалақыны көтеруді, 13-жалақы тағайындауды талап етті. Өңір әкімі мен прокурорға үндеу жолдады.
«Басшылыққа талай мәрте ескерттік, жаздық. Талап орындалмаған соң, сейсенбіде бір күндік ереуілге шықтық. Оған елу шақты адам қатысты. Екінші ауысымдағы жұмысшылардың бірқатары талапты қолдады», – дейді кәсіпорын жұмысшысы.
Жұмыс берушінің қысымынан сескенген ол аты-жөнін мақалада атамауды өтінді. Оның айтуынша, мекемеде бұл кәсіпорында жұмысшылар наразылығы жиі болып тұрады. Мәселен, мұнда 2023 жылғы тамызда да жалақыны көтеру талабымен бір күндік ереуіл өткен. Сол кезде басшылық айлықты 20 пайызға көтеруге келіскен.
«Екі жыл бұрын мұнайшылар күніне орай сыйақы төленбеді. Біз де мұнайшымыз. Соған байланысты бір күндік ереуілге шығып, жалақыны көтеруді талап еттік. Айлық 20 пайызға көтерілді», – дейді жұмысшы.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/atyrauqurylysservis-1024x555.png)
Басшылық шара қолданатынын ескертті
Содан бері ақша құнсызданып, күнкөріс қиындағанын алға тартқан қызметкерлер бұл жолы жалақының 50%-ға көтерілгенін қалады. Алайда кәсіпорын басшылығы талапты орындаудан бас тартты.
«Талап орындалмайтын болды – ақша жоқ«, – дейді ереуілге қатысқан жұмысшылардың бірі.
Оның айтуынша, компания басшылығы Еңбек кодексінің 52-бабы 8-тармағына сүйеніп, бір күндік ереуіл еңбек келісімшартын бұзуға негіз болатынын ескерткен.
«Шара қолданам деген қағаз келді. Жұмысшылар аяқ тартып қалды. Бәрінің несиесі бар. Өзіңіз түсінесіз. Сол себепті ереуілді тоқтаттық», – дейді «Атырауқұрылыс-Сервис LTD» жұмысшысы.
Еңбек дауы сыйақымен шешілді
Кәсіпорын басшысы Дәурен Зәкиев жұмысшылар компания ұсынысына келісіп, сәрсенбіде жұмысқа оралғанын айтты.
«Күні бойы келіссөз жүргіздік. Талаптарын тыңдап, өз тарапымыздан 100 мың теңге көлемінде бір реттік сыйақы ұсындық. Бастапқыда жұмысшылар одан бас тартып, ереуілді әрі қарай қаладағы әкімшілік алдында жалғастырмақ болды.
Бұл уақытта олар жұмыста жүріп, денсаулығы үшін жауапкершілік біздің мойнымызда болғандықтан, қалаға аман-есен жету үшін автобус беруді ұсындым. Олар келісіп, автобус жіберуді сұрады. Кешкі сағат 8 шамасында, жолға шығар қарсаңында, олар мені 5 минут сөйлесуге шақыртып, өздері біздің ұсынысымызға келісті. Ертесіне жұмысқа шықты», – дейді кәсіпорын басшысы.
Оның айтуынша, 144 адам жұмыс істейтін компанияда орташа жалақы 310 мың теңге.
«Біздің аймақ үшін орташадан жоғары жалақы. Олар бар болғаны 15 күн жұмыс істейді», – деп есептейді Зәкиев.
Бозащыдағы өрт және айыппұл
Кәсіпорын басшысы жұмысшылардың айлықты көтеру талабын орындаудан бас тарту себебін компаниядағы қаржы мәселелерімен түсіндірді.
«Біз төрт жыл бойы «Бозащы Мұнаймен» жұмыс істеп келеміз. Басында ауқымды жұмыс алып жүрдік. Түрлі нысандар салдық. Қазір құрылыс аяқталды.
Оның үстіне «Бозащы Мұнайда» апат болып, үлкен айыппұл салынған. Сол себепті бас мердігердің жаңа құрылысқа тапсырыс беруге қаржылай мүмкіндігі жоқ», – дейді кәсіпорын басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қыркүйекте «Бозащы Мұнай» компаниясына Қаратұрын кен орнындағы апат үшін 2,2 млрд теңге айыппұл салынған. 2023 жылғы көктемде мұнай кен орнында өрт шығып, ол жеті айда дегенде әрең сөндірілген.
Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарда бір ғана ақпан айында жұмысшылардың екі ереуілі болды. 6 ақпанда Ақтаудағы «Казкор-Машзавод» жұмысшылары көтеріліп, еңбек дауы қос тараптың келісімімен шешілген.