Қате ақша аударғанда не істеу керек екені жайында нұсқаулық жария болды. Онда мұндай жағдайда жасалатын әрекет егжей-тегжейлі түсіндірілген.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру сайтының мәліметінше, әр адам шот нөмірін немесе телефон нөмірін қате теруі әбден мүмкін. Ақша алған адам байланысқа шықпаса, қаражатты қайтару оңайға соқпайды.
Дереу банкке хабарлау
Бірінші қадам: аударым жасаған соң, қателескеніңізді байқап қалсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз. Аударым әлі өңделмесе, банк транзакцияны кері қайтара алады.
Ақша сіздің шотыңыздан алынып үлгерсе, онда басқа шешім қолданылады.
Ақша алушыға шығу
Екінші қадам: ақша түскен адамға қоңырау шалыңыз. Жағдайды сыпайы түрде түсіндіріп, қайтаруға өтініш білдіріңіз. Алушы қоңырауыңызға жауап бермеген жағдайда, клиентпен байланыстыруды өтініп, банктің қолдау қызметіне жүгінген абзал.
Алушының банкіне хабарласу
Үшінші қадам: қате ақша аударғанда алушының банкіне хабарласқан жөн. Тікелей шыға алмасаңыз. Ақша жіберілген банкке жүгіну керек. Қате аударылған ақшаңызды қайтаруға өтініш жазасыз. Мұндай жағдайда банк алушыға хабар жіберіп, ақшаны ерікті түрде қайтаруды сұрайды.
Алушы қайтармаса ше?
Онда ақша өндіру туралы сотқа талап-арыз беріледі. Еліміздің Азаматтық кодексінде бұл әрекет «негізсіз баю» ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, ақшаңызды оның пайдаланғаны үшін сыйақы өндіруге құқыңыз бар. Ол үшін алушыға сотқа дейінгі кінәрат-талап жіберіп, айғақтарды (банк үзіндісі) жинап, сотқа талап-арыз түсіруге болады. Бұл үдеріс бірнеше айға созылуы ықтимал.
Шотыңызға кездейсоқ ақша түссе ше?
Бұл ақшаның сіздікі емес екенін түсінуіңіз қажет. Оны пайдаланудың заң тұрғысынан салдары болады. Сондықтан банкке хабарласып, бұл жайында хабарлау қажет. Жаратпауға тырысыңыз. Банктің ресми сауалын күтіңіз, жіберуші қайтару туралы арызданса, банктің өзі бұл ақшаны қайтарып алады.
Алаяқтардың әрекеті
Алаяқтар әдейі аз ақша аударып, кері қайтаруды, яғни басқа шотқа аударуды талап етеді. Бұл ақшаны заңдастыру әрекетімен жасалуы мүмкін. Ақша аударымы сізді «қаржы схемасының қатысушысы» ретінде көрсетеді.
Былтыр ақпан айында Қазақстаннан шетелге 58,9 млрд теңге аударым жасалғаны белгілі болды.